
ЕҰУ ректоры студенттермен Президент Жолдауын талқылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов студенттермен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамалар мен ел дамуының негізгі бағыттарын талқылады.
Ерлан Сыдықов құжатта еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, білім мен ғылымды жетілдіруге, инновациялар мен жасанды интеллектіні өмірдің барлық саласына кеңінен енгізуге, сондай-ақ жастардың сапалы білім алуына ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Ректордың айтуынша, аталған басымдықтарды жүзеге асыру жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Университеттер сапалы білім берумен ғана шектелмей, ғылымды дамытуға, жаңа технологияларды өндіріске енгізуге және бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға тиіс.
«Президент Жолдауы – еліміздің даму бағытын айқындайтын ауқымды стратегиялық құжат. Онда білімді, еңбекқор әрі отаншыл жастарды қолдауға бағытталған нақты шаралар қарастырылған. Сондықтан студенттер заман талабына сай білім алып, ғылыми жаңалықтарға ұмтылып, ел болашағына жауапкершілікпен қарауы керек. Қазақстанның табысты дамуы жастардың бастамашылдығы мен белсенділігіне байланысты», – деді Ерлан Сыдықов.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер ректорға білім сапасын арттыру, ғылыми жобаларға қатысу, жас ғалымдарды қолдау, цифрлық технологияларды игеру, әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қатысты сұрақтар қойды. Ерлан Сыдықов сауалдарға жан-жақты жауап беріп, жастар бастамаларын қолдау және студенттердің кәсіби дамуына жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Кездесу барысында студенттердің азаматтық белсенділігі мен университеттің қоғамдық өміріне араласуы мәселелері де талқыланды. ЕҰУ ректоры жастарды жоғары оқу орнының ғылыми, мәдени және әлеуметтік жобаларына белсенді қатысуға, тың идеялар ұсынып, оларды жүзеге асыруға шақырды.
Экономика және туризм жоғары мектебінің 3-курс студенті Ануар Тұрсынханов кездесуден алған әсерімен бөлісті.
«Ректордың студенттермен ашық сөйлесіп, әрбір сұраққа нақты жауап бергені ұнады. Кездесу біржақты баяндама түрінде емес, жанды диалог форматында өткендіктен, өте қызықты болды. Біз цифрлық экономика, энергетикалық қауіпсіздік, ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығы туралы көптеген маңызды мәлімет алдық. Әсіресе жастар дайын мүмкіндікті күтіп отырмай, өз идеяларын ұсынып, оларды нақты жобаларға айналдыруы керек деген ой маған ерекше әсер етті. Мұндай кездесулер студенттердің ой-өрісін кеңейтіп, болашаққа деген сенімін нығайтады», – деді ол.
Кездесу соңында студенттер мен ректор Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асырудағы жастардың рөлі және университеттің даму келешегі туралы пікір алмасты.
