
Жаңа Конституция және құқықтық сауаттылық

2026 жылы 30 қазанда университеттің бас ғимаратында «Жаңа Конституция және құқықтық сауаттылық» тақырыбында студенттермен дөңгелек үстел өтті. Аталған шараға арнайы қонақ ретінде Әлеуметтік және азаматтық даму департаменті директорының орынбасары, «Әдеп» жобалық кеңесінің жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты Еркебұлан Еркінұлы Нұғыманов келіп, Оқу үдерісін ұйымдастыру бөлімінің бастығы м.а. Б.С.Қорабаев, практикалық қазақ тілі кафедрасының оқытушылары, халықаралық қатынастар факультетінің, журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің студенттері қатысты.
Іс-шара студент жастардың жоғары белсенділігімен ерекшеленді. Дөңгелек үстелді практикалық қазақ тілі кафедрасының профессоры Қ.Е.Тілеш, кафедра доценттері М.Н.Жұмаділова мен С.Е.Кәрібаева ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – студент жастарды Жаңа Конституцияның негізгі ережелерімен таныстыру, олардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру, сондай-ақ Ата Заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру болды.
Е.Е.Нұғыманов баяндамасында Жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен ондағы өзгерістердің мәніне тоқталып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, міндеттері мен жауапкершілігі туралы кеңінен түсіндірді. Спикер Ата Заңның азаматтардың күнделікті өміріне тигізетін ықпалын нақты мысалдармен көрсетіп, заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарының қоғам дамуындағы рөлін айқындады.
Сонымен қатар Еркебұлан Еркінұлы құқықтық мәдениетті қалыптастыруда жастардың алатын орны ерекше екенін атап өтіп, студенттерді өз құқықтарын біліп, оларды заң аясында қорғай білуге және қоғамдық өмірге белсенді араласуға шақырды. Оның ойлары студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырып, мазмұнды пікірталасқа ұласты. Студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдірді.
Дөңгелек үстел жұмысын Оқу үдерісін ұйымдастыру бөлімінің бастығы м.а. Б.С.Қорабаев пен практикалық қазақ тілі кафедрасының профессоры, ф.ғ.к. Қ.Е.Тілеш қорытындылады. Б.С. Корабаев аудиториядан тыс өткізілетін мұндай іс-шаралар оқу үдерісін тиімді толықтырып, студенттердің теориялық білімін өмірмен ұштастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қ.Е.Тілеш өз сөзінде дөңгелек үстелдің студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып, Ата Заңның мәнін терең түсінуге және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал еткенін жеткізді. Студенттер іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айтып, оң бағаларын білдірді.
