
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2026 жылғы 1 қыркүйек пен 25 қазан аралығында «Инженерлік жүйелер және желілер» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттары педагогикалық практикадан өтті

Практика аясында магистранттар аталған білім беру бағдарламасының 4-курс студенттеріне (B074-7352-23-01 және B074-7352-23-03 топтары) «Табиғи суларды тазарту технологиясы» пәні бойынша дәрістік және практикалық сабақтар өткізді.
Педагогикалық практиканың ғылыми жетекшілігі мен әдістемелік сүйемелдеуін «Құрылыс» кафедрасының техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Утепбергенова Лаура Мухтаровна жүзеге асырды.
2026 жылғы 11, 25 қыркүйек және 9, 23 қазан күндері Ақжол Жандос Нұрбекұлы, Мақұлбек Елдос Джанболатұлы және Абдулла Бейбарыс Ибадуллаұлы су сапасына қойылатын талаптар, суды тазарту әдістері, коагуляндыру процестері, араластырғыштар мен жапалақтандырғыш камералар, сондай-ақ тік, радиалды және жұқа қабатты тұндырғыштардың құрылымы мен есептеу негіздері тақырыптарында дәрістік және практикалық сабақтар жүргізді.
2026 жылғы 4, 18 қыркүйек және 2, 16 қазан күндері Бейсен Динара Еркінқызы, Қонысбек Шұғыла Қахарманқызы, Султангазин Батыр Сакенович және Койшибаева Маншук Болатовна табиғи су көздерінің сапасы, суды тазартудың негізгі технологиялық процестері, реагенттік шаруашылық, реагенттерді дайындау және мөлшерлеу, сондай-ақ көлденең тұндырғыштардың құрылымы мен есептеу негіздері бойынша сабақтар өткізді.
Өткізілген сабақтар барысында магистранттар студенттерге табиғи суларды тазартудың негізгі технологиялық процестерін, су тазарту имараттарының жұмыс істеу принциптері мен құрылымдық ерекшеліктерін түсіндірді. Сонымен қатар су тазартудың тиімді әдістерін таңдау, реагенттерді қолдану, коагуляндыру және тұндыру процестері, сондай-ақ тазарту имараттарын жобалау мен инженерлік есептеулердің теориялық негіздеріне назар аударылды. Сабақтар студенттердің теориялық білімдерін тереңдетуге және болашақ кәсіби қызметіне қажетті инженерлік түсініктерін қалыптастыруға бағытталды.
Педагогикалық практика магистранттардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға, оқу процесін ұйымдастыру, аудиториямен жұмыс істеу және кәсіби-педагогикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
