
ЕҰУ-дың Turkic Studies Journal журналы Scopus халықаралық дерекқорына енді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жарық көретін Turkic Studies Journal (TSJ) ғылыми журналы Scopus халықаралық дерекқорына енді. Бұл – отандық гуманитарлық ғылымдар мен түркітану саласы үшін маңызды жетістік. Сала мамандарының мәліметінше, басылым Қазақстандағы Scopus-та индекстелетін гуманитарлық бағыттағы екінші ғылыми журнал және Орталық Азия елдері бойынша осы бағытта дерекқорға енген алғашқы басылым ретінде бағаланып отыр.
Ғылыми басылым осыдан алты жыл бұрын ЕҰУ ректоры, академик Ерлан Сыдықовтың бастамасымен жарық көрген болатын. Журналды шығарудағы негізгі мақсат – түркітану саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүйелеу, түркі халықтарының тарихы, тілі, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты ғылыми еңбектерді халықаралық академиялық ортаға таныстыру еді.
Өткен алты жыл ішінде басылымның ғылыми мазмұнын жетілдіру, жарияланымдардың сапасын арттыру және халықаралық талаптарға сәйкестендіру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Журналдың редакциялық алқасы мен авторлар қауымы ғылыми мақалаларды іріктеу, сараптау және жариялау үдерісінде жоғары академиялық талаптарды басшылыққа алды. Осы жүйелі еңбектің нәтижесінде Turkish Studies Journal халықаралық деңгейде мойындалып, Scopus базасына енгізілді.
Scopus – әлемдегі жетекші ғылыми ақпараттық платформалардың бірі. Elsevier компаниясының 2026 жылғы дерегіне сәйкес, онда әлем бойынша 30 мыңға жуық белсенді рецензияланатын ғылыми журнал қамтылған. Сондықтан халықаралық дерекқорға ену басылымның ғылыми сапасы мен жарияланымдарының халықаралық талаптарға сәйкестігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі саналады.
«Turkic Studies Journal журналының Scopus халықаралық дерекқорына енуі – университетіміз үшін елеулі нәтиже. Бұл – түркітану ғылымын дамытуға, отандық зерттеулердің халықаралық деңгейде танылуына және түркі халықтарының бай тарихи-мәдени мұрасын әлемдік ғылыми кеңістікке танытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта да журналдың ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуге басымдық береміз», – дейді журналдың бас редакторы Ерлан Сыдықов.
Scopus Content Selection and Advisory Board сарапшылары журналға жоғары баға берді. Олар басылымның мазмұны мен безендірілуі әсерлі екенін, мақалалардың аңдатпалары жоғары деңгейде әзірленгенін атап өтті. Сондай-ақ журналдың өзіндік ғылыми бағыты, айқын зерттеушілік келбеті мен нақты миссиясы бар екеніне ерекше назар аударды. Мұндай баға – басылымның халықаралық академиялық стандарттарға сай қалыптасқанының айқын дәлелі.
Журнал бас редакторының орынбасары Нұрилә Шаймердинованың айтуынша, 2019 жылдан жарық көретін басылым түркі халықтарының тарихын, мәдениетін, тілін, жазба ескерткіштерін және өркениеттік мұрасын зерттеуге арналған. Әсіресе ортағасырлық тарих, дала археологиясы, түркі жазба мұралары мен тілдік зерттеулерге басымдық береді.
«Бұл – түркітану ғылымының халықаралық деңгейде танылуына жасалған маңызды қадам. Turkic Studies Journal отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулерін тоғыстырып, түркі халықтарының тарихы, тілі мен мәдениетін зерделеуге мүмкіндік беретін ғылыми алаңға айналды. Scopus базасына ену журналдың халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтіп, жарияланымдардың ауқымын арттыруға жол ашады», – дейді профессор Нұрилә Шаймердинова.
Сонымен қатар, Scopus қабылдаған шешімге сәйкес, журналдың 2022 жылдан бері жарияланған мақалалары дерекқорға енгізіледі. Бұл бұрын жарық көрген ғылыми еңбектердің де халықаралық ғылыми кеңістікте қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Turkish Studies Journal ұжымының алты жылдық қажырлы еңбегінің жемісі саналатын бұл табыс – университет үшін ғана емес, еліміздің ғылыми басылымдары үшін де маңызды оқиға. Бұл жетістік отандық зерттеушілердің халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланысын кеңейтіп, түркітану саласындағы ғылыми ізденістердің ауқымын арттыруға жол ашады.Сонымен қатар, журналдың Scopus базасына қосылуы университет ғалымдарының мақалалары тегін жарияланып қана қоймай, отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, қазақстандық түркітанудың халықаралық деңгейдегі беделін нығайта түспек.
