
ЕҰУ-да тарихшы Құрбанғали Халидұлының ғылыми мұрасы жаңаша зерделенді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті тарихшы, этнограф әрі ағартушы Құрбанғали Халидұлының ғылыми мұрасына арналған «Құрбанғали Халидұлы: дерек, тарих, таным» кітаптарының таныстырылымы өтті.
«Отырар» кітапханасы ғылыми орталығының құрылғанына 25 жыл және Құрбанғали Халидұлының туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық ғылыми семинарға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, профессор-оқытушылар мен студенттер қатысты. Тағылымды басқосуға ғалымның шөбересі, «Фолиант» баспасынан жарық көрген кітаптардың демеушісі Сафария Тұрсынмұхамедқызы да арнайы келді.
Жиында Құрбанғали Халидұлының өмір жолы мен ағартушылық қызметі, қазақ тарихын зерттеуге қосқан үлесі кеңінен сөз болды. Ғалымдар оның еңбектерінде қазақ даласының қоғамдық-саяси өмірі, ел басқару дәстүрі, ру-тайпалар тарихы, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті туралы мол мәлімет сақталғанын атап өтті.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығының басшысы Данагүл Махат жаңа басылымдардың ғылыми және танымдық маңызына тоқталды.
«Құрбанғали Халидұлының еңбектері – қазақ халқының тарихы, этнографиясы мен рухани дүниесін танытатын құнды дереккөз. Жаңа жинақтарда ғалым мұрасы жан-жақты зерделеніп, тың ғылыми тұжырымдар ұсынылған. Бұл басылымдар кәсіби зерттеушілер үшін ғана емес, ұлттық тарихқа қызығатын жастар үшін де маңызды. Ұзақ жылдар бойы ғылыми айналымға түскен осындай еңбектер тарихи сананы қалыптастырып, жас ғалымдардың жаңа зерттеулеріне жол ашады», – деді профессор.
Оқырман назарына ұсынылған кітаптарға ғалымның еңбектері, тарихи деректер мен зерттеу мақалалары топтастырылған. Жинақтарда қазақ халқының тарихы, этнографиясы, шежіресі мен рухани мұрасына қатысты құнды мәліметтер қамтылып, Құрбанғали Халидұлының шығармашылық мұрасын қазіргі ғылым тұрғысынан бағалауға ерекше мән берілген.
Семинарға модераторлық еткен ЕҰУ-дың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Сапарходжаев бұл басылымдар университет ғалымдарының ұзақ жылғы ізденісі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тарихи мұраны ғылыми айналымға енгізу – ұлттық жадыны жаңғыртып, өткенді жаңа көзқараспен тануға мүмкіндік беретін маңызды бағыт.
Қолжазбатанушы, шығыстанушы Бауыржан Мұстафа мен түркітанушы, PhD, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің ғылыми қызметкері Шыңғыс Бегімтаев жаңа басылымдардың деректанулық маңызына тоқталды. Мамандардың пікірінше, бұл еңбектер ғылыми айналымды толықтырып қана қоймай, жас зерттеушілердің тарихи танымын қалыптастыруға да үдес қосады.
Жарық көрген жаңа кітаптар тарихшыларға, этнографтарға, өлкетанушыларға, жоғары оқу орындарының білім алушыларына және ұлттық тарихқа қызығушылық танытатын қалың оқырманға арналған.
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері басылымдардың мазмұны мен ғылыми құндылығын талқылап, Құрбанғали Халидұлының мұрасын жүйелі зерттеу, кеңінен насихаттау және кейінгі ұрпаққа жеткізу жөнінде пікір алмасты.
«Бүгінгі ғылыми семинар мен кітап таныстырылымы Құрбанғали Халидұлының мол мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік берді. Әсіресе оның қазақ тарихы, этнографиясы мен шежіресіне қатысты еңбектері ерекше қызығушылық тудырады. Ғалымдардың мазмұнды пікірлері тарихи деректерді дұрыс зерделеудің маңызын айқындады. Мұндай тағылымды кездесулер жастардың ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттырып, оларды ғылыми ізденіске ынталандырады», – деді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Құралай Сейтқазина.
Тағылымды басқосу Құрбанғали Халидұлының ғылыми мұрасын жаңаша пайымдауға, тарихи тұлғаның еңбектерін кеңінен дәріптеуге және ұлттық тарихты зерттеудегі сабақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
