
ЕҰУ студенттері — МПМУ-да өткен орыс әдебиеті бойынша халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері

2026 жылғы 14–16 қазан аралығында Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінде (МПМУ) орыс әдебиеті бойынша XI Халықаралық студенттік олимпиада және «XXI ғасырдағы филология ғылымы. Жастар көзқарасы» атты XXVII Халықаралық студенттік ғылыми-практикалық конференция өтті. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері екі іс-шарада да жүлделі орындарға ие болып, қазақстандық филология мектебін лайықты танытты.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ осы халықаралық академиялық бастамалардың серіктесі екенін атап өткен жөн. Университеттің орыс филологиясы кафедрасы олимпиада мен конференцияның ұйымдастыру комитетінің құрамына кіреді, ал кафедра меңгерушісі Қадиша Рүстембекқызы Нұрғали жыл сайын оларды өткізуге белсенді қатысады. Бұл ынтымақтастық филология ғылымын дамытуға және студенттердің ғылыми зерттеулерін қолдауға бағытталған.
Халықаралық ғылыми іс-шараға 200-ден астам студент, магистрант және аспирант қатысты. Бағдарлама ғылыми секцияларды, эссе байқауын, шешендік өнер және көркем шығармаларды орындау байқауларын, шығармашылық жұмыстар сайыстарын, сондай-ақ орыс тілі мен әдебиеті сабақтарының байқауын қамтыды. Осындай мазмұнды бағдарлама жас зерттеушілерге білімдерін көрсетумен қатар, тәжірибе алмасуға, шығармашылық әлеуетін ашуға және халықаралық ғылыми қарым-қатынас аясын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Студенттеріміз Балауса Дүйсебаева («Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» мамандығының 4-курс студенті) мен Яна Чичулина («Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» мамандығының 3-курс студенті) ерекше жетістікке жетіп, бірнеше аталым бойынша жүлделі орындарды иеленді. Олардың ғылыми жетекшісі — филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы М.А. Канафина. Эссе байқауында екі студент те I орынға ие болды. Шешендік өнер байқауында Балауса Дүйсебаева I орынды, ал Яна Чичулина II орынды иеленді. Сонымен қатар Яна Чичулина көркем шығармаларды орындау байқауының «Лирика» аталымында III орынға ие болды.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ орыс филологиясы кафедрасының студенттері жыл сайын МПМУ-дың орыс әдебиеті бойынша халықаралық олимпиадасына және студенттік ғылыми-практикалық конференциясына қатысады. Кафедра студенттердің шығармашылық және ғылыми даму стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асырып, олардың зияткерлік әлеуетін ашуға, зерттеу дағдыларын жетілдіруге және әдеби қабілеттерін дамытуға жағдай жасайды. Халықаралық жобалар мен байқауларға қатысу студенттерге өз жұмыстарының нәтижелерін кәсіби деңгейде ұсынуға, жас филологтермен тәжірибе алмасуға және елеулі академиялық әрі шығармашылық жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді.
ЕҰУ студенттерінің олимпиада мен конференцияда университетті лайықты танытқанын атап өткен жөн. Бұл іс-шараларға қатысу жас филологтер үшін құнды ғылыми тәжірибе ғана емес, сонымен қатар олардың кәсіби және шығармашылық қалыптасуындағы маңызды қадам болды. Бұл жетістіктер Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен МПМУ арасындағы академиялық серіктестіктің маңызын айқындады.
