
«ЖАС ҚАЛАМГЕР МІНБЕРІ» – СЕЗІМ МЕН СЫРҒА ТОЛЫ ПОЭТИКАЛЫҚ КЕШ!

«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында ЕҰУ Ғылыми кітапханасында жазушы, аудармашы Мұқан Абдуллаевтың шығармашылығына арналған «Жас қаламгер мінбері» атты поэтикалық кеш өтті.
Әдебиет пен өнерді сүйетін жастардың басын қосқан рухани кеште қаламгердің жүрекке жылы тиетін өлеңдері, терең ойға жетелейтін әңгімелері мен сырлы сезімге толы хаттары оқылды.
Махаббат, сағыныш, адам жанының нәзік иірімдері мен шынайы сезімдерді арқау еткен шығармалар кештің ерекше атмосферасын қалыптастырды. Әрбір оқылған өлең мен хат тыңдарман жүрегіне жол тауып, студенттерді әсерлі сезімге бөледі.
Поэтикалық кеш барысында жастар көркем сөздің құдіретін сезініп, әдеби шығармалар арқылы адам жанының терең сырларына үңілді. Студенттердің белсенді қатысуы мен әдебиетке деген қызығушылығы кештің мазмұнын байыта түсті.
«Жас қаламгер мінбері» – жастардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, шығармашылық ізденістеріне шабыт сыйлайтын, көркем сөз бен шынайы сезімді тоғыстырған рухани алаң.
