
ЕҰУ-да инклюзивті волонтерлікті дамытуға арналған «1+2» моделі бойынша оқыту семинары өтті

2026 жылы 3 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Инклюзивті қолдау орталығының ұйымдастыруымен «1+2» Model: Inclusive Volunteering Workshops жобасы аясында оқыту семинары өтті.
Шараға Астана қаласындағы Esil University, Астана халықаралық университеті, Қ. Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университеті, Қазақ ұлттық спорт университеті мен колледждердің инклюзивті білім беру бағытындағы оқытушылары, қызметкерлері және волонтерлері, сондай-ақ «Көмек» клубының ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕББҚ) білім алушыларды «1+2» моделі бойынша сүйемелдейтін волонтерлері қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – инклюзивті білім беру ортасын дамыту, ЕББҚ бар білім алушыларды сүйемелдеудің тиімді тәсілдерін таныстыру және волонтерлердің практикалық дағдыларын жетілдіру.
Шара ЕҰУ Басқарма мүшесі – Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызының алғы сөзімен басталды.
Семинар барысында Инклюзивті қолдау орталығының жетекшісі-супервизоры Ерхан Ордабай «1+2» моделі бойынша білім алушыларды сүйемелдеуді ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздерін түсіндірді. Қатысушылар инклюзивті қолдау қағидаларымен және оқытушылар мен волонтерлердің өзара тиімді іс-қимыл тәсілдерімен танысты.
Оқыту бағдарламасы аясында «Жібек Жолы» телеарнасының сурдоаудармашысы Бакдаулет Кожбанов есту қабілеті нашар студенттермен қарым-қатынас жасаудың бастапқы дағдыларын таныстырып, ым-ишара тілі бойынша бейнесабақ өткізді. Ал ЕҰУ Цифрлық даму департаментінің бизнес-талдаушысы Айғаным Бесембаева білім беру ортасының қолжетімділігін арттыруға арналған Smart Voice және аудиогид цифрлық құралдарын таныстырды.
Семинардың практикалық бөлімінде «Асыл амал» қоғамдық қорының өкілі, II санатты дәрігер-реаниматолог, хирург Нұрсұлтан Мұсаев алғашқы медициналық көмек көрсету алгоритмдері бойынша сабақ өткізіп, қатысушылардың тиісті дағдыларын пысықтауына мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, шара аясында ЕҰУ студенті Руслан Ержановтың «Қазақстандағы ақша айналымының тарихы: үш дәуір – бір ел» атты нумизматикалық көрмесі және ЕББҚ бар балалардың «Әлем – балалар көзімен» әлеуметтік сурет көрмесі таныстырылды.
Семинар соңында қатысушылар пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды және ЕҰУ Инклюзивті қолдау орталығының қызметімен танысты.
Оқыту семинарына барлығы 71 адам қатысып, сертификатталды.
Аталған жоба Астана қаласының жоғары оқу орындары мен колледждері арасындағы тәжірибе алмасуды нығайтуға, инклюзивті волонтерлікті дамытуға және ЕББҚ бар білім алушыларға қолдау көрсетудің тиімді тәжірибесін кеңейтуге ықпал етті.
