
ЕҰУ-да Шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зәкеннің «Қараберен» романы таныстырылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі жазушы, тарихшы, Шығыстану кафедрасының профессоры Тұрсынхан Зәкеннің «Қараберен» тарихи романының таныстырылымы өтті.
Рухани-танымдық іс-шараға университет ректоры, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, қаламгерлер, профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Жиында жаңа туындының көркемдік ерекшелігі, тарихи негізі және ұлттық әдебиеттегі орны кеңінен талқыланды.
Университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов тарихи шығармалардың жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастырудағы маңызына тоқталып, Тұрсынхан Зекеннің шығармашылығына жоғары баға берді.
«Тарихи роман – өткенді көркем тілмен сөйлетіп, халық жадын жаңғыртатын маңызды жанр. «Қараберен» романы оқырманды ел тарихымен тереңірек таныстырып, отаншылдық рухын күшейтеді. Мұндай еңбектер, әсіресе, жастарға тағылым беріп, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үндейді», – деді университет басшысы.
Басқосуда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың құттықтау хаты жекізілді. Келесі кезекте сөз алған Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, академик Рахметқажы Берсімбай, жазушы Асқар Алтай, тарихшылар Бүркітбай Аяған мен Тілеген Садықов, тағы басқа зиялы қауым өкілдері жазушының тарихи деректерді көркемдік шеберлікпен сабақтастыра білгенін атап өтті. Олардың пікірінше, шығармада ел тағдыры мен адам болмысы, ерлік пен жауапкершілік, отаншылдық пен рух беріктігі секілді құндылықтар кеңінен көрініс тапқан.
Жазушы Асқар Алтай «Қараберен» төрт аяғын тең басқан сужорға роман», - десе, Назарбаев Университетінің профессоры, түркітанушы Юлай Шамильоглу «Тұрсынхан Зәкеннің «Қараберен» романы – түркі халықтарына ортақ тарихи жадыны жаңғыртып, ұлт рухы мен азаттық идеясын көркемдік тұрғыдан терең бейнелеген құнды туынды», – деп баға берді.
Жиын соңында Тұрсынхан Зәкен романның жазылу тарихы мен зерттеу барысында пайдаланылған деректер туралы әңгімелеп, шығармаға арқау болған тарихи кезең жөніндегі ойларымен бөлісті. Автор тарихи туынды жазуда дерек дәлдігімен қатар, дәуір тынысын және кейіпкерлердің ішкі әлемін шынайы бейнелеуге ерекше мән бергенін жеткізді.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры, ақын Нұржан Қуантай модераторлық еткен тағылымды басқосу кітаптың таныстырылым рәсімімен және авторға құрмет көрсетумен қорытындыланды.
