
ЕҰУ-да жас мамандардың жұмыспен өтеу тәртібі түсіндірілді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған бітіруші курс студенттерінің міндетті еңбекпен өтеу талаптарына арналған кездесу өтті. Іс-шараға бакалавриат, магистратура және докторантура білім алушылары, сондай-ақ жұмысқа орналастыруға жауапты тұлғалар қатысты.
Кездесуді ашқан ЕҰУ Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Байжұман Қашқынбай университеттің «Қаржы орталығымен» бірлесіп, білім алушыларға грант бойынша еңбекпен өтеу міндеттемелерін түсіндіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінгі кездесуіміз мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған түлектердің оқуын аяқтағаннан кейінгі жұмыспен өтеу міндеттемелерін орындау мәселелеріне арналады. Қазіргі уақытта осы мәселеге қатысты заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілді. Сондықтан бүгінгі кездесуде жұмыспен өтеу тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ қолданыстағы заңнама талаптары туралы толық ақпарат беріледі», – деді ол.
Кездесу барысында «Қаржы орталығының» өкілі Ақзира Серікқалиқызы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған түлектердің еңбекпен өтеу міндеттемелеріне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, мемлекеттік грантпен бакалавриат, магистратура және резидентурада білім алған түлектерге, «Серпін» бағдарламасының қатысушыларына, сондай-ақ докторантура түлектеріне қойылатын талаптар түсіндірілді. Ауылдық квота бойынша оқыған студенттердің де жұмыспен өтеу міндеттері қарастырылды.
Сонымен қатар оқу барысында ақылы бөлімнен грантқа ауысқан, гранттан ақылы бөлімге ауысқан немесе оқудан шығып, кейін қайта қабылданған студенттердің міндеттемелері түсіндірілді. Мұндай жағдайда жұмыспен өтеу мерзімі нақты грант негізінде оқыған уақытына қарай есептеледі.
Кездесу соңында студенттер өз сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Университет алдағы уақытта да мемлекеттік грант бойынша жұмыспен өтеу тәртібіне қатысты түсіндіру кездесулерін өткізуді жоспарлап отыр.
