
ЕҰУ-да дәстүрлі «Күлтегін-2026» жыр байқауы алтыншы рет ұйымдастырылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студент жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған «Күлтегін-2026» атты дәстүрлі жыр байқауы өтті. 2021 жылы бастау алған рухани-мәдени шара «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында биыл да жалғасын тауып, алтыншы мәрте ұйымдастырылды.
Дәстүрлі шараның негізгі мақсаты – дарынды жастарды қолдау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту және студенттер арасында қазақтың сөз өнерін кеңінен насихаттау.
Университеттің Студенттер альянсы ұйымдастырған байқауға өлеңге құштар, сөз өнерін серік еткен білім алушылар қатысты. Университеттің институт, факультет, жоғары мектебінен 100-ге жуық студенттердің арасынан іріктеліп шыққан 11 үздік ақтық сында бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші кезеңде қатысушылар Күлтегін жырының Мырзатай Жолдасбек нұсқасын жатқа оқудан сынға түсті. Екінші кезеңде қатысушылар жырды тек жаттап қана қоймай – оның тарихын, мәнін терең меңгергендерін дәлелдеді.
Қатысушылардың өнерін бағалаған қазылар алқасы өлеңдердің мазмұнына, көркемдік деңгейіне, тақырыптың ашылуына және орындау шеберлігіне назар аударды. Байқау барысында студенттер Күлтегін жырын мәнерлеп оқып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор – Рахымжан Тұрысбек төрағалық еткен Қазылар алқасының шешімі бойынша 1 орын иегері – «ENU Күлтегіні» Филология факультетінің 4 курс студенті Мерей Сахидулла атанып, 150 000 теңгелік ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жүлделі II орынды Халықаралық қатынастар факультетінің 2 курс студенті Жасмина Құралбек қанжығалап, 100 000 теңге ақшалай сыйлық алды. Жүлделі ІІІ орынды Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің 3 курс студенті Медина Садық иеленіп, 50 000 теңгелік сыйлықпен марпатталды.
Одан бөлек «Көрермен көзайымы» номинациясымен Филология факультетінің 2 курс студенті Томирис Көпжасар атанып және түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы атындағы арнайы жүлдемен Экономика және туризм жоғары мектебінің 1 курс студенті Ерасыл Қалдан лайықты болып, 30-40 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Жиын соңында ұйымдастырушылар игілікті істің жүзеге асуына қолдау білдіріп, ортақ мақсат жолында демеушілік танытқан іс-шараның бас демеушілері – FM Online білім беру орталығы мен Банк Центр Кредит ұжымына шынайы алғыс білдірді.
