
7М05107 – «Биология» білім беру бағдарламасы магистранттарының педагогикалық практикасы аяқталды

7М05107– «Биология» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттары педагогикалық практикадан өтті
2026 жылғы 1 қыркүйек пен 24 қазан аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 7М0517 – «Биология» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттары педагогикалық практикадан өтті. Практика Нұрмұхамбетова Г.С.-ның жетекшілігімен ұйымдастырылып, магистранттардың кәсіби-педагогикалық құзыреттіліктерін қалыптастыруға, теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға және жоғары оқу орнында сабақ беру дағдыларын дамытуға бағытталды.
Педагогикалық практика барысында әрбір магистрант кафедраның профессор-оқытушылар құрамынан жеке жетекшіге бекітіліп, жетекшісінің оқу пәндері бойынша дәрістік және практикалық сабақтар өткізді.
Практика аясында магистранттар төмендегі пәндер бойынша оқу сабақтарын жүргізді:
* Нұрмұхамбетова Г.С. жетекшілігімен Ерімбетова Жанна «Адам анатомиясы» пәні бойынша;
* Дүкенбаева А.Д. жетекшілігімен Ахметжан Шұғыла «Өсімдіктер физиологиясы» пәні бойынша;
* Сүлейменова А.Е. жетекшілігімен Насредин Альдина мен Избасарова Алина «Биохимия», «Молекулалық биология және биохимиялық әдістер», «Биополимерлерді зерттеу әдістері» пәндері бойынша;
* Жетпісбаев Б.А. жетекшілігімен Ғилажиден Шынар «Иммунология және аллергология», «Адам анатомиясы» пәндері бойынша;
* Узбеков Д.Е. жетекшілігімен Аманова Замира «Иммунология» пәні бойынша;
* Спанбаев А.Д. жетекшілігімен Аманкелдиева Айгерім «Биоинформатика» пәні бойынша онлайн форматта сабақ өткізді.
Айта кету керек, жоғарыда аталған магистранттар мен олардың жетекшілері педагогикалық практикаға қатысушылардың толық тізімін қамтымайды. Практикаға білім беру бағдарламасының басқа да магистранттары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысып, өздеріне бекітілген пәндер бойынша оқу сабақтарын жүргізді.
Практика барысында магистранттар дәрістік және практикалық сабақтарды өз бетінше жоспарлап, оқу-әдістемелік материалдар әзірледі, заманауи оқыту әдістері мен интерактивті технологияларды қолданды. Сонымен қатар студенттердің білімін бағалау, аудиториямен тиімді қарым-қатынас орнату, оқу үдерісін ұйымдастыру және пәндік материалды түсінікті жеткізу дағдыларын жетілдірді.
Оқу үдерісімен қатар магистранттар студенттермен тәрбие жұмыстарына да белсенді қатысты. Атап айтқанда, «Вакцинация», «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық», «Ғылымдағы академиялық адалдық», «Болашақ биологтың міндеттері» және басқа да өзекті тақырыптарда тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – студенттердің ғылыми дүниетанымын кеңейту, әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру және болашақ маман ретінде кәсіби көзқарасын дамыту. Вакцинация тақырыбы студенттердің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы сауаттылығын арттырып, ғылыми негізделген ақпаратты ажырата білуіне ықпал етті. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін талқылау адам құқықтарын құрметтеу, гендерлік теңдік пен қоғам алдындағы жауапкершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталды.
Ал академиялық адалдық тақырыбы студенттердің ғылыми зерттеулер жүргізу кезіндегі адалдық, жауапкершілік, авторлық құқықты сақтау және плагиатқа жол бермеу қағидаларын түсінуіне мүмкіндік берді. «Болашақ биологтың міндеттері» тақырыбындағы іс-шаралар олардың таңдаған мамандығына деген жауапкершілігін арттырып, кәсіби этика, экологиялық мәдениет және ғылыми ізденіске деген қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етті.
Осылайша, педагогикалық практика барысында жүргізілген оқу және тәрбие жұмыстары студенттердің тек пәндік білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың сыни ойлау қабілетін, азаматтық ұстанымын, әлеуметтік белсенділігін және кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталды.
Педагогикалық практика магистранттар үшін кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңі болды. Ол болашақ оқытушыларға жоғары оқу орнындағы білім беру үдерісінің ерекшеліктерімен танысуға, педагогикалық тәжірибе жинақтауға, әдістемелік және коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді. Практика нәтижесінде магистранттар теориялық білімдерін педагогикалық қызметпен ұштастырып, болашақ кәсіби қызметіне қажетті тәжірибе жинақтады.
Педагогикалық практика білім, ғылым және тәрбие бағыттарын ұштастыра отырып, жан-жақты дамыған, кәсіби білікті және әлеуметтік жауапты болашақ мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарды.
