
ЕҰУ-да Қожахмет Балахметовтың тағылымды мұрасы ұлықталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-педагог Қожахмет Балахметовтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
«Қ.Б. Балахметовтың қоғамдық-педагогикалық мұрасы: құндылықтар, интеграция және трансформация» тақырыбындағы алқалы жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, педагогтер, сарапшылар және қайраткердің туыстары қатысты. Басқосуда Қожахмет Балахметовтың отандық білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі, қайраткерлік жолы мен ғылыми-педагогикалық мұрасы жан-жақты сараланды.
Пленарлық отырысты ЕҰУ-дың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Сапарходжаев жүргізіп, университет ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтауын жеткізді.
«Қожахмет Балахметов – саналы ғұмырын еліміздің білім беру саласын дамытуға арнаған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Оның ұстаздық ұстанымы мен ағартушылық идеялары бүгінгі педагогтер үшін де құндылығын жоғалтқан жоқ. Қайраткердің тағылымды мұрасын зерттеу және жас ұрпаққа насихаттау – ортақ міндетіміз», – делінген құттықтауда.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Зүлфия Төребекова ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың құттықтауын оқып берді. Онда қайраткердің өнегелі өмір жолын насихаттау жас ұрпақтың білімге құштарлығын арттырып, елге қызмет ету жауапкершілігін қалыптастыратыны атап өтілді. Сондай-ақ конференцияда айтылған ғылыми тұжырымдар мен ұсыныстар педагог кадрларды даярлау және білім беру жүйесін жетілдіру ісіне оң ықпал ететініне сенім білдірілді.
ҚР Құрылтайының депутаты, профессор Дихан Қамзабекұлы «Білім саласындағы қайраткерлік: тәжірибе мен тағылым» тақырыбында баяндама жасап, Қожахмет Балахметовтың елдік мүддеге негізделген қызметі мен ағартушылық мұратын тарихи деректермен сабақтастыра талдады.
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, профессор Аманбай Сейтқасымов қайраткердің өмір жолы мен азаматтық болмысына тоқталды.
Жиында Қожахмет Балахметовтың інісі Қанатбек Хаиров та естеліктерімен бөлісіп, ағасының адамгершілік қасиеттері мен отбасындағы өнегелі қырларын әңгімеледі.
«Ағамның берген ақыл-кеңесі маған өмірлік азық болды. Ол менің өмірлік университетіме айналды», – деді ол.
Түркияның Дүзже университетінің профессоры Танер Атмажа Қазақстан мен Түркия арасындағы білім және мәдени дипломатияның маңызына назар аударды. Ғалым екі елдің академиялық ынтымақтастығын кеңейту үшін студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын арттыру, бірлескен зерттеулер жүргізу және мәдени бастамаларды қолдау қажет екенін айтты.
«Қазақстан мен Түркияны ортақ тарих, тіл және мәдени құндылықтар байланыстырады. Осы рухани жақындықты білім мен ғылым саласындағы нақты жобалармен нығайту – маңызды міндет. Білім мен мәдени дипломатия халықтарды жақындастырып, ұзақмерзімді серіктестіктің берік негізін қалыптастырады», – деді түркиялық профессор.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Зиябек Қабылдинов Қожахмет Балахметовтың өмір жолы мен ғылыми мұрасын талдап, қайраткердің 105 жылдығына орай көптомдық шығармалар жинағын шығару жөнінде ұсыныс білдірді.
Astana IT University қауымдастырылған профессоры Арыстан Сатанов Астана қаласы архивіндегі деректер негізінде тұлғаның Қазақстандағы білім беру жүйесі мен тарихи-педагогикалық зерттеулерді дамытуға қосқан үлесін баяндады. Ал ЕҰУ Білім жоғары мектебінің директоры Нұрила Қасымбекова қайраткер мұрасындағы ұлттық құндылық, сапалы білім, ұстаз мәртебесі мен тұлға тәрбиесіне қатысты ұстанымдардың бүгінгі білім кеңістігіндегі сабақтастығына тоқталды. Ол «Балахметов оқуларын» жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді ұсынды.
Конференция қорытындысында Қожахмет Балахметовтың қоғамдық-педагогикалық мұрасын жүйелі зерттеу, архив материалдарын ғылыми айналымға енгізу, еңбектерін жинақтап жариялау және ағартушылық идеяларын жас ұрпаққа кеңінен таныту жөнінде ұсыныстар қабылданды. Жиын жұмысы «Генеративті жасанды интеллект дәуіріндегі әлеуметтік педагогтердің Soft Skills: теориялық талдау» тақырыбындағы секциялық отырыспен жалғасты.
Қожахмет Балахметов 1974–1987 жылдары Қазақ КСР-нің Оқу-ағарту министрі қызметін атқарды. Оның білім беру жүйесі мен педагогика мәселелеріне арналған 70-тен астам ғылыми және публицистикалық еңбегі жарық көрген. Ол мектептер мен интернаттар салу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және аудандық әдістемелік кабинеттердің жұмысын жүйелеу ісіне елеулі үлес қосты. Еңбегі үшін үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірқатар медаль және төсбелгімен марапатталған.
