
«ЕҢ ӘДЕМІ КИІМ – ҰЛТТЫҚ КИІМ» КӨРМЕ

2026 жылдың 3-қарашасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің И-22 және И-32 топ студенттері жетекшілері Жазира Оралбекқызы Хасеновамен бірге Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында ұйымдастырылған «Ең әдемі киім – ұлттық киім» атты көрмеге қатысты. «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында өткен бұл көрмеде белгілі этнодизайнер, Қазақстан Республикасы Қолөнершілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО-ның қолөнер саласындағы «Сапа белгісі» (Award of Excellence) сыйлығының иегері, коллекционер әрі дәстүрлі қазақ киімдерінің ұмытылған үлгілерін қайта жаңғыртушы Тилек Сұлтанның дәстүрлі киімдер топтамасы көпшілік назарына ұсынылды.

Аталған көрменің амбассадоры және ұйымдастырушысы – Тұрар Саттарқызы, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері. Іс-шара барысында оқушылар ұлттық киімдерді жасауда қолданылатын түрлі тәсілдермен, соның ішінде дәстүрлі көйлектердің, камзолдардың, кимешектердің, зергерлік бұйымдардың, сондай-ақ ерлер мен әйелдерге арналған бас киімдердің ерекшеліктерімен танысты. Киімнің әрбір бөлшегі өзіндік тарихи және мәдени мағынаға ие екенін, яғни олардың әйелдің жасын, қоғамдағы орнын, отбасылық жағдайын, сондай-ақ түрлі қазақ руларына тән дәстүрлер мен ерекшеліктерді айқындайтынын білу оқушылар үшін қызықты жаңалық болды.
Студенттер дәстүрлі ұлттық киімдердің аймақтық ерекшеліктерін зерттеп, қалпына келтірумен айналысатын этнодизайнер Тілек Сұлтанның тыңғылықты зерттеу жұмыстарына ерекше қызығушылық танытты.
Көрмеге бару студенттер үшін танымдық әрі мазмұнды тәжірибе болды. Бұл олардың дүниетанымын кеңейтуге, эстетикалық талғамын дамытуға, сондай-ақ Қазақстан тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізді. Мұндай іс-шаралар жас ұрпаққа өз түп-тамырын тереңірек түсінуге, ұлттық мұраны қадірлеуге және дәстүрлерді сақтап қалудың маңыздылығын ұғынуға көмектеседі.
Көрме студенттерде жарқын әсер қалдырды; ол қазақ халқының бай мәдениетімен танысуға, ұрпақтар арасындағы байланысты сезінуге, сондай-ақ дәстүрлі киімнің тарихымыз бен ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі екеніне тағы бір мәрте көз жеткізуге тамаша мүмкіндік болды.
