
Физикалық және экономикалық география кафедрасының ғалымдары Springer Nature баспасынан монография шығарды
2026 жылғы қазанда әлемдегі жетекші академиялық баспалардың бірі Springer Nature баспасынан «Natural Regeneration Dynamics of Forests after Fires in the Kostanay Region» («Қостанай облысындағы орман өрттерінен кейінгі табиғи қалпына келу динамикасы») атты ғылыми монография жарық көрді.
Монографияның бірінші авторы — Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасының оқытушы-зерттеушісі, PhD Жанар Озгелдинова. Авторлар қатарында ЕҰУ Жаратылыстану ғылымдары институтының директоры, PhD, профессор Жарас Берденов және Физикалық және экономикалық география кафедрасының ғалымы, PhD Алтын Жангужина бар. Еңбекті Шәкәрім университетінің ғалымы Жандос Мукаев пен Әлихан Бөкейхан университетінің оқытушысы Меруерт Ұлықпанова бірлесіп жазған.
Монография Қостанай облысындағы орман өрттерінің таралуын, олардың пайда болуына әсер ететін табиғи факторларды және өрттен кейін орман экожүйелерінің қалпына келу ерекшеліктерін зерттеуге арналған.
Ғалымдар 2023–2025 жылдардағы далалық зерттеу материалдарын, географиялық ақпараттық жүйелер (ГАЖ) мен Жерді қашықтан зондтау деректерін пайдаланып, орман өрттерінің таралу заңдылықтарын, өсімдік жамылғысындағы өзгерістерді және ағаш түрлерінің табиғи қалпына келу үдерістерін талдаған.
Еңбекте орманның өртке төзімділігі, өрттен кейінгі өсімдік жамылғысының өзгерісі, орманның табиғи қалпына келуін бағалау және болжау мәселелері қарастырылған. Зерттеу қорытындылары өрттен зардап шеккен орман аумақтарын қалпына келтіру шараларын ғылыми тұрғыдан негіздеуге көмектеседі.
Монографияның Springer Nature баспасынан жарық көруі кафедра ғалымдарының еңбегін халықаралық ғылыми қауымдастыққа танытып, ЕҰУ-дың ғылыми беделін нығайтуға ықпал етеді.
Монографияның DOI сілтемесі: https://doi.org/10.1007/978-3-032-19644-6
