
Криминалистикалық полигонда көшпелі сабақ өткізу туралы мәлімет

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Астана қаласы Полиция департаменті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында, білім алушылардың теориялық білімдерін тәжірибеде бекіту және практикалық дағдыларын жетілдіру мақсатында 02.11.2026ж. Астана қаласы Сауран көшесі, 7Г мекенжайында орналасқан Полиция департаментінің криминалистикалық полигонында көшпелі сабақты 6В04204 – «Сот-прокурорлық және тергеу-криминалистикалық қызметі» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын B049-4204-23-01 оқу тобының студенттеріне з.ғ.к., қауымдастырылған профессор.,(доцент) Беисов Е.Ж. өткізді.
Сабақ барысында білім алушыларға тергеу әрекеттерінің ұғымы, құқықтық және криминалистикалық мәні, негізгі түрлері, оларды жүргізудің жалпы шарттары мен тактикалық ерекшеліктері түсіндірілді. Сонымен қатар тергеу әрекеттерін дайындау, жоспарлау, ұйымдастыру, өткізу және оның нәтижелерін процессуалдық тұрғыдан бекіту мәселелері қарастырылды.
Криминалистикалық полигон жағдайында білім алушылар оқиға болған жерді қарап-тексеру, тінту, алу, жауап алу, тергеу эксперименті және тану үшін көрсету сияқты тергеу әрекеттерінің жүргізілу тәртібімен тәжірибе жүзінде танысты. Оқу тобы бірнеше шағын топқа бөлініп, әр топқа нақты тергеу жағдайына негізделген тапсырмалар берілді. Білім алушылар тергеуші, криминалист-маман, куәгер, жәбірленуші және басқа да қатысушылардың рөлдерін орындады.
Көшпелі сабақ білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, теориялық білімдерін нақты тәжірибелік жағдайларда қолдануына мүмкіндік берді. Сондай-ақ олардың байқағыштық, логикалық ойлау, дәлелдемелерді бағалау, тергеу болжамдарын құру, топпен жұмыс істеу және процессуалдық құжаттарды рәсімдеу қабілеттерін дамытуға ықпал етті.
Сабақ соңында білім алушыларға бақылау сұрақтары қойылып, орындалған тапсырмалардың нәтижелері қорытындыланды. Білім алушылар тергеу әрекеттерінің қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу мен тергеп-тексерудегі маңызын түсініп, оларды ұйымдастыру мен жүргізудің бастапқы тәжірибелік дағдыларын игерді.
Жалпы алғанда, криминалистикалық полигонда өткізілген көшпелі сабақ өз мақсатына жетіп, білім алушылардың «Криминалистика» пәні бойынша алған теориялық білімдерін шыңдауға, кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға және болашақ қызметіне қажетті практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
