
ЕҰУ Кореяның үздіксіз білім беру және цифрлық трансформация моделін зерделеуде
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жоғары білім беру, цифрлық трансформация және экономиканың жоғары технологиялық салалары үшін кадрлар даярлау бағытындағы озық халықаралық тәжірибелерді зерделеуде. Осы бағыттағы кезекті қадам ретінде ЕҰУ делегациясы Корея Республикасында өткен «Болашақ университеттері: цифрландыру, ғылым және жаһандық интеграция» атты халықаралық біліктілікті арттыру білім беру бағдарламасына қатысты.
Университет делегациясын академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай басқарды. Бағдарлама Кореяның білім беруді дамыту моделін зерделеуге, халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға және ЕҰУ-дың Кореяның жетекші білім беру және ғылыми ұйымдарымен одан әрі ынтымақтастығының перспективаларын айқындауға арналған маңызды алаңға айналды.
Халықаралық бағдарлама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары және Сеулде өткен «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммиті аясында ағымдағы жылдың қыркүйек айында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде жүзеге асырылды. Құжатқа ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен ABEEK президенті Woo Seung Kim қол қойған болатын.
Бағдарлама аясында ЕҰУ өкілдері Корея Республикасының Ұлттық үздіксіз білім беру институтына (NILE), Korea Digital Media High School (DIMIGO), Yeonsung University, Korea University of Technology and Education (KOREATECH), Ulsan Vocational Education Complex Center (UVECC) және Ulsan College оқу орындарына барды.
Делегация үшін KOREATECH университетінің тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды. Мұнда қатысушылар Smart Learning Factory қызметімен танысты. Ұсынылған шешімдер жасанды интеллект, робототехника, автоматтандыру және цифрлық технологияларды білім беру үдерісі мен инженерлік кадрларды практикалық даярлау жүйесіне интеграциялау мүмкіндіктерін көрсетті.
DIMIGO мектебінде ЕҰУ делегациясы ақпараттық технологиялар, бағдарламалау және цифрлық медиа салаларында мамандар даярлаудың заманауи тәсілдерін зерделеді. Жобалық оқытуға және білім беру ұйымдарының технологиялық компаниялармен өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды.
Ульсан қаласындағы білім беру орталықтарына бару өнеркәсіптік сектор үшін мамандар даярлау жүйесімен, практикаға бағдарланған оқыту тәсілдерімен, заманауи зертханаларды пайдаланумен және кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға жұмыс берушілердің қатысуымен танысуға мүмкіндік берді.
Алынған білім мен ұсынылған тәжірибелер ЕҰУ-дың ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, жасанды интеллект, цифрландыру, робототехника, инженерлік технологиялар және өндірістік үдерістерді автоматтандыру салаларында бірлескен зерттеу бастамаларын іске асыру көзделуде.
Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының қатарында халықаралық зерттеу командаларын қалыптастыру, ғылыми семинарлар мен конференциялар өткізу, сараптамалық тәжірибе алмасу, сондай-ақ ЕҰУ жас ғалымдары мен докторанттарының халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту бар.
Бағдарламаның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі білім беру сапасын қамтамасыз ету және инженерлік білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу саласындағы Корея тәжірибесін зерделеу болды.
ABEEK – Инженерлік білім беруді аккредиттеу жөніндегі Корей кеңесінің өкілдерімен өткен жұмыс кездесуінде тараптар технологиялық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, бірлескен жобаларды іске асыру және инженерлік кадрларды даярлау сапасын жетілдіру бағытында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.
ЕҰУ үшін бұл бағыт білім беру бағдарламаларын жетілдіру, университеттің халықаралық деңгейде танылуын нығайту және түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Бағдарламаның ең маңызды бағыттарының бірі Корея Республикасының Ұлттық үздіксіз білім беру институтының (NILE) қызметімен танысу болды. Оның тәжірибесі ЕҰУ-да Lifelong Learning – өмір бойы білім алу тұжырымдамасын дамыту үшін ерекше қызығушылық тудырады.
Сапар барысында делегация Кореяның ACBS (Academic Credit Bank System) академиялық кредиттер жүйесімен, K-MOOC және MatchUp цифрлық білім беру платформаларымен, микробіліктілік модельдерімен және ересектерге арналған оқыту тетіктерімен танысты.
Корея тәжірибесі жекелеген білім беру модульдерін меңгеруге, оқыту нәтижелерін жинақтап, ресми түрде растауға және оларды одан әрі кәсіби әрі академиялық даму үшін пайдалануға мүмкіндік беретін икемді білім беру траекторияларын қалыптастырудың тиімді жолдарын көрсетеді.
ЕҰУ үшін бұл бағыт университеттің үздіксіз білім беру жүйесін жаңғыртудың перспективалы басымдықтарының бірі болып табылады. Қарастырылып отырған бастамалар қатарында микробіліктіліктерді енгізу, формалды емес білім беру нәтижелерін тану тетіктерін жетілдіру және нақты кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған қысқа мерзімді бағдарламаларды әзірлеу бар.
Бұл үдерістерді Smart ENU жүйесі аясында цифрлық сүйемелдеуге, соның ішінде микробіліктіліктердің электрондық каталогын құруға ерекше назар аудару жоспарлануда. Бұл еңбек нарығының заманауи талаптары мен білім алушылардың әртүрлі санаттарының қажеттіліктеріне жауап беретін неғұрлым икемді әрі қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
