
Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушылары Анкарадағы Халықаралық симпозиумда

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушылары, PhD Айжан Пернебекқызы мен Айбарша Жақсылыққызы Түркияның Анкара қаласында өтіп жатқан "Түркі әлемі халықаралық симпозиумына" қатысып, ғылыми баяндамаларын жасады.
Ауқымды ғылыми шара аясында оқытушыларымыз Анкара университетінің Коммуникация факультетіне арнайы барып, оқу орнының басшылығымен, профессорларымен және кафедра меңгерушілерімен кездесті. Тәжірибе алмасу барысында олар факультеттің "Журналистика", "Жаңа медиа және коммуникация", "Қоғаммен байланыс және коммуникация", "Радио, телевизия және кино" бағыттары бойынша білім беру жүйесімен танысты.
Сонымен қатар әріптестеріміз бір мезгілде 5 000-ға жуық оқырманды қабылдай алатын Президенттің Ұлттық кітапханасын аралады. Мұнда 134 тілде жазылған 4 миллионнан астам баспа кітап және жүздеген миллион электронды ресурс жинақталған. “Жаһаннума” деп аталатын күмбезді зәулім зал кітапхананың басты символы іспетті, ал оның 16 бағаны тарихтағы 16 түркі мемлекетін бейнелейді. Аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат үзіліссіз жұмыс істейтін бұл еңселі орталықта ғалымдарымыз елімізге арналған арнайы кітап бұрышын да қуанышпен тамашалады.
Сапардың мәдени бөлігінде ғалымдарымыз термалды суларымен танымал Кызылжахамам ауданында болып, Әзірбайжанның Жеңіс күніне орай ашылған Ходжалы мұражайымен танысты. Ғалымдарымыз түрік бауырларымыздың көрсеткен ерекше ілтипаты мен қонақжайлылығы үшін шексіз алғыстарын білдіреді.
Айта кету керек, Түркі әлемінің халықаралық симпозиумы 2025 жылы алғаш рет Өзбекстанда өткен болса, алдағы уақытта бұл маңызды ғылыми жиынды Қазақстанда өткізу жоспарда бар.
Екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастық нығая берсін!
