
Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасы танымал PR-маман Ақерке Берлібаймен қонақ дәрісін ұйымдастырды

Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі, Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасы студенттері үшін Қазақстанның PR және медиа кәсіби мамандары қауымдастығының (APRM) төрайымы, тәжірибелі PR-технолог Ақерке Берлібай “PR-дың өрісі кеңейді: мамандықтың жаңа келбеті мен маманға қойылар талап” тақырыбында дәріс оқыды.
Қонақ дәрісті кафедра меңгерушісі Г.Ш. Аширбекова және аға куратор Г.С.Алгалиева ұйымдастырды.
Кездесу тек дәстүрлі баяндамамен шектелмей, студенттер мен спикер арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Жиын барысында Ақерке ханым қазіргі заманғы PR саласының даму бағыттары, коммуникация нарығындағы соңғы үрдістер және жаңа буын мамандарына қойылатын талаптар туралы кеңінен айтты. Студенттер сұрақтарын қойып, теорияны тәжірибемен ұштастырудың қыр-сырын талқылады.
Дәріс барысында белсенділік танытқан студенттерге Ақерке ханымның жеке сыйы – “PR по-азиатски” кітабы тарту етілді. Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби көзқарасын кеңейтіп, болашақ мамандығына деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық.
