
«Ешкім назардан тыс емес!» дәстүрлі декадасы аяқталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде инклюзивті мәдениетті дамытуға бағытталған «Ешкім назардан тыс емес!» дәстүрлі декадасы өз мәресіне жетті. 6 қараша күні онкүндік аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, инклюзивті ортаны қалыптастыруға үлес қосқан волонтерлерді марапаттау рәсімі өтті.
Ауқымды әлеуметтік бастаманың негізгі мақсаты – білім беру кеңістігінде инклюзивті құндылықтарды ілгерілету, ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕББҚ) бар білім алушыларды қолдау жүйесін нығайту, сондай-ақ жастар арасында теңдік, өзара құрмет пен әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
2026 жылы 27 қазан мен 6 қараша аралығында өткен декада бағдарламасы инклюзияның түрлі бағыттарын қамтыған мазмұнды іс-шаралардан тұрды. Атап айтқанда, түрлі акциялар мен челлендждер, психологиялық тренинг, дойбы турнирі, инклюзивті кинокеш, «1+2» моделі бойынша оқыту семинары, арт-терапия және QUIZ зияткерлік ойыны ұйымдастырылды.
Декаданың қорытынды кезеңі волонтерлердің еңбегін бағалауға арналды. Салтанатты жабылу рәсімінде ЕББҚ бар студенттерді «1+2» моделі бойынша сүйемелдеп жүрген еріктілер мен «Көмек» клубының белсенді мүшелеріне алғыс хат пен арнайы сертификаттар табысталды.
Волонтерлер университетте қолжетімді әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға, студенттер арасындағы өзара қолдау мәдениетін нығайтуға және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қосып келеді.
Декада аясында әлеуметтік жауапкершілік танытқан серіктестер мен демеушілердің қолдауы да ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, Burger King компаниясы «1+2» моделі бойынша студенттерді сүйемелдейтін волонтерлерге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бір жыл бойы аптасына 1 рет тегін тамақтануға мүмкіндік беретін сертификат ұсынды. Бұл бастама жастардың қоғамдық пайдалы қызметін қолдауға және волонтерлік еңбегін ынталандыруға бағытталған.
Сонымен қатар, университеттің Эндаумент қоры Shawarma Food мекемесімен байланыс орнатуға ықпал етіп, «Көмек» клубының волонтерлеріне бір реттік тамақтану сертификаттарын ұсынуға қолдау көрсетті. Ал университеттің Спорт клубы «1+2» моделінің еріктілеріне екі айлық жүзу бассейніне арналған абонементін ұсынды.
Сондай-ақ «Социум Пит» ЖШС декада аясындағы іс-шараларға қаржылай қолдау көрсетті. Серіктестер тарапынан көрсетілген мұндай қолдау жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, волонтерлік қозғалысты дамытуға және университет пен бизнес өкілдері арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтуға ықпал етеді.
«Ешкім назардан тыс емес!» дәстүрлі декадасы университеттегі инклюзивті білім беру қағидаттарын ілгерілетуге арналған маңызды алаңдардың бірі болды. Онкүндік аясында ұйымдастырылған іс-шаралар білім алушылардың инклюзия мәселелеріне назарын аударып қана қоймай, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, өзара түсіністік пен қолдау мәдениетін дамытуға мүмкіндік берді.
Декада қорытындысы инклюзивті ортаны қалыптастыруда университет қауымдастығының, волонтерлер мен әлеуметтік серіктестердің бірлескен жұмысының маңызын айқындады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ЕББҚ бар студенттерді қолдау, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және инклюзивті мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
