
ЕҰУ студенттеріне Қазақстанның өңірлік мектептерінде жұмыс істеу мүмкіндіктері туралы айтылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының өкілімен кездесу өтті. Жиында білім алушыларға Қазақстанның өңірлік мектептерінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін екі жылдық бағдарлама таныстырылды.
Кездесуде қор өкілі Адина Увалиева еліміздегі білім беру сапасы, әсіресе қала мен ауыл мектептері арасындағы білім деңгейінің айырмашылығы туралы айтты.
PISA-2022 халықаралық зерттеуінің нәтижелері бойынша, Қазақстандағы 15 жастағы оқушылардың шамамен үштен екісі оқу сауаттылығының базалық деңгейіне жете алмаған. Сонымен қатар еліміздегі мектептердің 67 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Онда оқушылардың 40 пайызы білім алады. Қала мен ауыл оқушыларының білім деңгейі арасында математика және жаратылыстану пәндері бойынша айтарлықтай айырмашылық байқалған.
Осы бағытта жұмыс істейтін «Teach for Qazaqstan» бағдарламасы әртүрлі кәсіби сала мамандарына өңірлік мектептерде екі жыл бойы сабақ беруге мүмкіндік ұсынады. Бағдарламаға қатысу үшін педагогикалық білімнің болуы міндетті емес. Үміткерлер конкурстық іріктеуден өтіп, арнайы педагогикалық даярлықтан өтеді.
Бағдарлама аясында қатысушыларға әдістемелік қолдау, тәлімгерлік және кәсіби даму мүмкіндіктері ұсынылады. Сонымен қатар олардың көшбасшылық дағдыларын дамытуға және білім беру саласында тәжірибе жинауына жағдай жасалады.
«Бұл бағдарлама жастарға өз кәсіби білімін жаңа ортада сынап көруге, тәжірибе жинауға және қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік береді», – деді Адина Увалиева.
«Teach for Qazaqstan» – әлемнің көптеген еліндегі білім беру ұйымдарын біріктіретін Teach For All халықаралық желісінің серіктесі. Бұл қатысушыларға халықаралық тәжірибемен танысып, кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында студенттер бағдарламаның конкурстық іріктеу кезеңдері, қатысу талаптары және мемлекеттік білім гранты бойынша міндетті жұмыспен өтеу мәселелері жөнінде сұрақтар қойды. Қор өкілі білім алушыларға бағдарламаның шарттары мен қатысу тәртібін түсіндірді.
