
ЕҰУ-да Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні атап өтілді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай «Digital ENU: Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» атты салтанатты іс-шара өтті.
Жиын барысында университеттің цифрлық трансформация саласындағы жетістіктері қорытындыланып, ЕҰУ-дың Bilge AI жасанды интеллект платформасы таныстырылды. Жаңа платформа оқытушылар мен студенттерге университеттің цифрлық экожүйесі аясында жеке ЖИ-агенттерін құруға мүмкіндік береді.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов сала мамандарын Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күнімен құттықтап, университеттің цифрлық даму нәтижелері туралы айтты.
«ЕҰУ-дың цифрлық трансформациясы – жаңа технологияларды енгізу ғана емес, білім беру, ғылыми зерттеулер мен университетті басқару сапасын арттыру. Бүгінде университеттегі бизнес-процестердің 90 пайызы автоматтандырылып, біртұтас цифрлық экожүйе қалыптастырылды. Бұл нәтижелер қызметкерлеріміздің кәсібилігі, оқытушыларымыздың бастамашылдығы және студенттеріміздің белсенді қатысуы арқасында мүмкін болды», – деп атап өтті Ерлан Сыдықов.
Кездесу «ЖИ-әзірлемелер – 2026» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен жалғасты. Студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысқан байқауға 27 жоба ұсынылды. Арнайы номинациялар бойынша «ENU Көмек», «Smart Research Library 1.0», «ENU Opportunity AI» және «Мансап көмекшісі» жобалары марапатталды.
«AI-QazAcademy Assistant», «SMART.Buddy» және «SciAgent.ENU» жобалары үшінші орынға ие болса, «Aura» мен «Өлшем» әзірлемелері екінші орынға лайық деп танылды. Байқаудың бас жүлдесін Нысан Арсен мен Әбдікерім Мәди әзірлеген «AcademAI» жобасы жеңіп алды.
ЕҰУ-дың білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект бойынша 100-ден астам пән енгізілген. Инклюзивті гид, AI-аватар, «е-Куратор» чат-боты, Sign Bridge және өзге де ЖИ-агенттер әзірленіп, қолданысқа берілді.
ЕҰУ Ғылым және жоғары білім министрлігінің AI-Sana инновациялық бағдарламасына жетекші университет ретінде қатысып келеді. Жоба аясында университет әзірлеген жасанды интеллект курсын 24 мыңға жуық адам оқыды. Сонымен қатар 5 595 студент Huawei, 1 074 студент Astana Hub платформаларында білім алды. «Ғылым мен білім берудегі жасанды интеллект» бағдарламасын 460 оқытушы мен қызметкер меңгерді.
Лу Бань шеберханасы базасында еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Харбин политехникалық университетімен бірлесіп Қазақстан-Қытай инновациялар, жасанды интеллект және ғылыми-мәдени алмасу орталығы ашылды. Университеттің онлайн платформасында профессор-оқытушылар құрамы әзірлеген 245 курс орналастырылған.
