
ЕҰУ-дің Күміс университетінде тәрбие дәстүрлері мен отбасылық құндылықтар зерделенуде

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институты Жоғары білім беру мектебімен бірлесіп, «Күміс университет» тыңдаушыларына арналған «Қазақстандағы отбасылық тәрбие» атты білім беру курсын өткізді.
Курс аясында дәріс оқыған профессорлар Сайра Жиенбаева, Калипа Атемова, аға оқытушылар Әдемі Ботабаева, Бибігүл Дюсенбаева және отбасылық педагогика мен психологияның өзекті мәселелерін, қазіргі Z және Альфа буын балалары мен жасөспірімдерін тәрбиелеу ерекшеліктерін, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды қалыптастырудағы аға буынның рөлін қарастырды.
Ұрпақтар арасындағы қақтығыстардың алдын алу мен оларды шешудің тиімді жолдарына, отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға және әртүрлі ұрпақ өкілдері – ата-әжелер, ата-аналар мен балалар арасындағы сындарлы диалогты қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Тыңдаушылар отбасылық педагогика мен психологияның теориялық негіздерімен танысып, ұлттық тәрбие дәстүрлерін қазіргі отбасында қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, отбасылық шежірелерді әңгімелеу, ата-тек шежіресін жасау, бата беру дәстүрі мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау мәселелері қозғалды.
Тыңдаушылар курс мазмұнына жоғары баға беріп, өз әсерлерімен бөлісті. Топ старостасы Сарра Крат оқытушыларға мазмұнды әрі қызықты дәрістері үшін алғыс айтып, ұлттық тәрбие дәстүрлерін, соның ішінде отбасылық шежірелерді әңгімелеу, ата-тек шежіресін жасау және үлкендердің батасын беру дәстүрлерін тәжірибеде қолдану жолдарымен танысудың маңыздылығын атап өтті.
Курс тыңдаушысы Бағжамал Қалиева өз әсерімен бөлісті:
«Біз көптеген жаңа әрі қызықты ақпарат алдық. Отбасылық педагогика мен психологияның теориялық негіздерімен таныстық. Сабақтар өзін-өзі дамытуға, сондай-ақ балаларымыз бен немерелерімізді тәрбиелеу ісін одан әрі жетілдіруге үлкен серпін берді».
Мейрамгүл Сағындықова сабақтардың практикалық маңыздылығы мен ашық диалог атмосферасын ерекше атап өтті:
«Біз білімімізді кеңейтіп, сіздердің тәжірибелеріңізден көп нәрсе үйрендік, сұрақтарды белсенді талқылап, өз ойларымызбен бөлістік. Өте мазмұнды әрі нәтижелі курс болды. Отбасылық тәрбие тақырыбына қатысты әрбір мәселе бізде үлкен қызығушылық тудырды. Дәріс оқушылармен болған диалог барысында әрқайсымыз еліміздің игілігі үшін болашақ ұрпақты тәрбиелеудің жаңа мүмкіндіктерін көре алдық».
Қатысушылар курстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, үздіксіз білім алуға, мазмұнды қарым-қатынас жасауға және әртүрлі ұрпақ өкілдерінің бірлесіп білім алуына жағдай жасағаны үшін Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ басшылығына алғыс білдірді.
Курстың өткізілуі білім беру, мәдени-ағартушылық және спорттық бастамаларды біріктіретін «Ұрпақтар диалогы» жобасы аясындағы маңызды білім беру іс-шараларының бірі болды. Жоба ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға, ұлттық және рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтауға, егде жастағы азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және олардың өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Барлық жастағы азаматтарға қолжетімді әрі сапалы үздіксіз білім алу жағдайларын жасау, тұлғалық дамуға, танымдық қабілеттерді жетілдіруге, жаңа құзыреттерді қалыптастыруға және өмір сапасын арттыруға ықпал ету Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Үздіксіз білім беру институты қызметінің басым бағыттары болып қала береді.
ЕҰУ-дың «Күміс университеті» – білім ұрпақтарды біріктіретін, отбасылық құндылықтар жаңаша мәнге ие болатын, ал аға буынның өмірлік тәжірибесі жастар тәрбиесіндегі маңызды ресурсқа айналатын орта.
