
ЕҰУ-де Парламенттің бұрынғы депутатымен кездесу өтті

2026 жылдың 6 қарашасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде саясаттану мамандығы бойынша оқитын екінші-төртінші курс студенттерімен «Мемлекеттік басқару жүйесіндегі бәсекелестік, ашықтық және есеп беру: Парламент тәжірибесі» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесудің құрметті қонағы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты, қоғам қайраткері Болат Бақбергенұлы Керімбек.
Ашық диалог барысында қонақ депутаттық қызметтегі тәжірибесімен бөлісіп, заң шығару үдерісінің ерекшеліктері, парламенттік бақылау тетіктері, саяси бәсекелестік және мемлекеттік басқарудағы ашықтық мәселелері туралы әңгімеледі.
Іс-шараға саясаттану кафедрасының меңгерушісі Дәурен Пірімбетов, профессор Майра Дюсембекова, сондай-ақ студенттер, саясаттану кафедрасының магистранттары мен докторанттары қатысты.
Қонақ қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, Қазақстандағы саяси үдерістердің өзекті мәселелері бойынша өз пікірін білдірді. Кездесу студенттердің теориялық білімдерін парламенттік қызметтің практикалық тәжірибесімен ұштастыруға мүмкіндік берді.
