
ЕҰУ қоғамдық қабылдау: көлік-энергетика факультетінің деканы студенттердің сұрақтарына жауап берді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Көлік-энергетика факультетінің деканы Өміржан Қоқаевтың қатысуымен кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Тікелей эфир барысында білім беру бағдарламалары, сұранысқа ие мамандықтар, академиялық ұтқырлық және мемлекеттік білім беру грантына ауысу тәртібі талқыланды.
Қабылдауға қабылдау комиссиясының өкілі, оқытушы Әділ Тұрсын да қатысты. Ол тікелей эфирге қатысушылардың талапкерлерге қойылатын шекті балл, оқуға түсу талаптары мен қабылдау науқанына қатысты сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында Өміржан Қоқаев факультетте даярланатын сұранысқа ие мамандықтарға, атап айтқанда, логистика және жылуэнергетикасы бағыттарына тоқталды. Бұл сала жүк тасымалын ұйымдастыру, жеткізу тізбегін басқару және халықаралық сауда байланыстарын қамтамасыз ету үшін білікті мамандар даярлауды көздейді. Ал жылу энергетикасы елдің энергетикалық жүйесін дамытуға қажетті мамандар даярлауда маңызды бағыттардың бірі саналатынын айтты.
Сондай-ақ студенттердің шетелде білім алу мүмкіндіктері сөз болды. Деканның мәліметінше, факультеттің бес кафедрасы мен сегіз білім беру бағдарламасы бойынша академиялық ұтқырлық аясында Еуропа елдерінің жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік бар. Бағдарлама студенттерге халықаралық академиялық тәжірибе жинақтап, кәсіби білімін жетілдіруге жағдай жасайды.
Тікелей эфирде ақылы негізде білім алып жатқан студенттердің мемлекеттік грантқа ауысу тәртібі де түсіндірілді. Оқу барысында босаған мемлекеттік білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша конкурс негізінде бөлінеді. Конкурста студенттің бүкіл оқу кезеңіндегі академиялық үлгерімі мен GPA көрсеткіші ескеріледі. Мұндай конкурс қысқы және жазғы демалыс кезеңдерінде өткізіледі.
Сонымен қатар студенттерге әкімдік, университет және өзге де ұйымдар ұсынатын гранттық қолдау мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
Айта кетейік, ЕҰУ-да қоғамдық қабылдау апта сайын өткізіледі. Кездесулерге факультет декандары, институт директорлары мен құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатысып, университет қызметіне қатысты сұрақтарға жауап беретін болады.
