
Физика-техникалық ғылымдар институтында Дрезден техникалық университетіндегі ғылыми тағылымдама туралы семинар өтті

2026 жылғы 29 қазанда Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физика-техникалық ғылымдар институтында «500 ғалым» бағдарламасы аясында Германияда ғылыми тағылымдамадан өту тәжірибесіне арналған семинар өтті.
Семинарда Техникалық физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Алдонгаров Ануар Ақылханұлы баяндама жасады. Ол Дрезден техникалық университетіндегі ғылыми жұмыстың ерекшеліктеріне, шетелдік ғылыми ұжымдарға бейімделу үдерісіне және бағдарламаның отандық зерттеушілерге беретін мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды.
Мұндай кездесулердің институт оқытушылары мен жас ғалымдары үшін практикалық маңызы зор. Олар академиялық ұтқырлық пен шетелдік тағылымдамаларды тиімді жоспарлауға көмектесіп қана қоймай, зерттеушілердің өз ғылыми жұмыстарын және білім беру бағдарламаларын дамытуына бағыт-бағдар береді.
Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарының озық тәжірибесімен танысу институттың ғылыми ортасын нығайтуға, жаңа серіктестер табуға және жастарды халықаралық жобаларға белсенді тартуға ықпал етеді.
Айта кетейік, Ануар Алдонгаров- «2016-Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының және Суонси университетінде (Ұлыбритания) ғылыми тағылымдамадан өтуге арналған беделді Newton–Al-Farabi грантының иегері. Қазіргі уақытта ол суды фотокаталитикалық ыдыратуға арналған наноматериалдарды әзірлеу жөніндегі жобаға жетекшілік етеді.
