
ЕҰУ командасы Project Management Student Hackathon 2026 байқауында жүлделі II орынға ие болды

4 қараша күні Астанада PMI Kazakhstan Chapter ұйымдастыруымен жобаларды басқару бойынша студенттік хакатон өтті. Байқауға қатысқан 12 команданың ішінен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ENU Synergy тобы жүлделі 2-орынды иеленді.
Студенттер халқы 1 миллионға жететін мегаполиске арналған, бюджеті 70 млрд теңгені құрайтын қалдықтарды қайта өңдеудің кешенді жүйесі — «Екінші өмір» жобасын әзірледі. Қатысушылар қалдықтарды кәдеге жарату, ресурстарды тиімді бөлу, тәуекелдерді басқару және жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жоспарын толық қамтитын прагматикалық шешім ұсынды.
ENU Synergy командасының құрамы мен рөлдері:
Диана Бейсенбай (Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің студенті) — жобаны таныстыру және қорғау;
Сүлеймен Бақытов — команда капитаны;
Айша Қорғамбек — тайм-менеджмент және ортақ жобалық құжаттаманы жүргізу;
Аружан Берік — тәуекелдер мен сапаны бақылау;
Мұстафа Әбілбек — стратегиялық жоспарлаушы;
Махамбет Нүсіпқұл — кейс талдаушысы.
Команданы лайықты жеңісімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да жаңа жетістіктер мен биік белестер тілейміз!
