
СОТ САРАПТАМАЛАРЫ ОРТАЛЫҒЫНДА КӨШПЕЛІ САБАҚ ӨТКІЗІЛДІ

Ағымдағы жылдың 22 қазан күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасы Астана қаласы бойынша сот сараптамалары орталығымен бірлесе отырып, студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру, олардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыру және болашақ заңгер мамандардың сот-медициналық сараптама саласындағы білімдерін тереңдету мақсатында көшпелі сабақ өткізді.
Бұл тәжірибелік көшпелі сабақ Сот сараптамалары орталығының Астана қаласындағы филиалындағы жалпы сараптама бөлімінің басшысы Қайрмденов Дастан Гелманұлының, қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Муратова Алуа Жасланқызы мен қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының доценті м.а., з.ғ.к. Мұратханова Меруерт Бейсенқызының ұйымдастыруымен өткізілді және оған «6В04204 - Сот-прокурорлық және тергеу-криминалистикалық қызметі» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері үлкен қызығушылықпен қатысты.
Көшпелі сабақтың негізгі мақсаты – студенттерді сот-медициналық сараптаманың практикалық қызметімен таныстыру, қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеру барысында сот-медициналық білімнің маңызын түсіндіру, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен сот-медициналық сараптама мекемелері арасындағы кәсіби өзара іс-қимылдың ерекшеліктерін көрсету.
Сабақ барысында студенттер сот-медициналық сараптама мекемесінің қызметімен, оның негізгі міндеттерімен және жұмыс бағыттарымен танысты. Мамандар тарапынан мәйітке сот-медициналық сараптама жүргізудің жалпы тәртібі, өлімнің себебі мен уақытын анықтау, дене жарақаттарының сипатын, ауырлық дәрежесін және пайда болу механизмін белгілеу, сондай-ақ сараптама қорытындысының қылмыстық істі тергеп-тексеру және сотта қарау кезіндегі дәлелдемелік маңызы туралы түсіндірмелер берілді.
Көшпелі сабақ барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибелі мамандардан толықтай кәсіби түсініктемелер алды. Теориялық білімді нақты практикалық қызметпен байланыстыруға мүмкіндік берген бұл кездесу болашақ заңгерлердің сот-медициналық сараптаманың мүмкіндіктері мен қылмыстық процестегі маңызын тереңірек түсінуіне ықпал етті.
