
Сәулет, урбанистика және қалалардың тұрақты дамуы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде

9 қарашада Сәулет-құрылыс факультетінде Ондокуз Майыс университетінің (Ondokuz Mayıs University, Самсун, Түркия) Сәулет факультетінің деканы, профессор Мехмет Четинмен (Prof. Dr. Mehmet Çetin) жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуге «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасының меңгерушісі, PhD Жанар Омарова, кафедраның аға оқытушылары Эльмира Ералы мен Татьяна Абдрашитова, сондай-ақ Астана урбанистика орталығының өкілі Данияр Бекенов қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты халықаралық ғылыми және академиялық ынтымақтастықтың келешегін, соның ішінде университеттер арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумды дайындау мәселесін талқылау болды. Қатысушылар сәулет, ландшафттық дизайн және қалалық ортаны дамыту салаларында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, академиялық алмасуды жүзеге асыру, халықаралық ғылыми жарияланымдар әзірлеу және пәнаралық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Қалалардың тұрақты дамуы, климаттың өзгеруіне бейімделуі, қалалық жылу аралдарын зерттеу, геоақпараттық жүйелерді (GIS) және спутниктік деректерді пайдалану, жасыл инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ заманауи қалалық ортадағы тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Профессор Мехмет Четин қалалардың тұрақты дамуы, ландшафттық экология, экологиялық жоспарлау және геоақпараттық талдау бағыттарында зерттеулер жүргізеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми материалдармен алмасуды жалғастыруға, бірлескен зерттеу бастамаларын әзірлеуге және халықаралық академиялық әріптестікті дамытуға қызығушылық танытты.
Кездесу университетіміздің халықаралық байланыстарын нығайтуға және сәулет, урбанистика мен қалалардың тұрақты дамуы саласындағы ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етті.
