
ЕҰУ диссертациялық кеңесінде журналистика бойынша PhD диссертация сәтті қорғалды

2026 жылғы 14 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесінің кезекті отырысы аралас форматта өтті. Отырыс барысында Қостанай қаласынан келген докторант Маркабаева Гульшат Тулеуовна «6D050400 – Журналистика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясын сәтті қорғады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде орындалған «Ел имиджін қалыптастырудағы коммуникативті стратегиялар мен PR құралдары (Қазақстан Республикасының мысалында)» тақырыбындағы зерттеу ел имиджін ілгерілетудегі медиарилейшнздің рөлі мен медиалық және цифрлық кеңістіктегі коммуникативті стратегияларды кешенді талдауға бағытталған.
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жұмаханұлы Омаров төрағалық еткен кеңес отырысына уақытша мүшелер ретінде жетекші ғалымдар – Нұриден Рахима Шәріпқызы (Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ), Қурманбаева Алмагуль Алиевна («Тұран» университеті) және Баешова Балзия Шегетайқызы (Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ) қатысты.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы мен тәжірибелік маңыздылығына ғылыми кеңесшілер – Султанбаева Гулмира Серикбаевна (Абай атындағы ҚазҰПУ), Жусупова Алматай Мергенбаевна (А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ), шетелдік кеңесші Гавра Дмитрий Петрович (Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, Ресей), сондай-ақ ресми рецензенттер – Альжанова Айгерим Болатхановна (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) мен Жүзеев Серікхан Әлханұлы (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті) жоғары баға берді.
Қорғау барысында өткен мазмұнды ғылыми пікірталас пен онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша Маркабаева Гульшат Тулеуовнаға «6D050400 – Журналистика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін беру туралы шешім қабылданды.
Жас ғалымды айтулы жетістігімен құттықтап, алдағы ғылыми-шығармашылық қызметіне толағай табыс тілейміз!
