
ЕҰУ Британдық Кеңестің AELLCA жобасы аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытып келеді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық әріптестік байланыстарын нығайтып, Орталық Азия университеттерімен академиялық ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруда. Британдық Кеңестің AELLCA жобасы командасының Бішкек қаласына сапары аясында Қырғызстанның жетекші жоғары оқу орындары – Қ. Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университеті мен Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің басшылығымен келіссөздер жүргізілді.
Кездесулерде ЕҰУ атынан Білім жоғары мектебі Шетел тілдерінің теориясы мен тәжірибесі кафедрасының меңгерушісі Жанаргүл Бейсембаева қатысты. Ол университетте халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамалар туралы баяндады. Атап айтқанда, Welcome to ENU студенттік алмасу бағдарламасы, профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығы, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және білім беру іс-шараларын ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды.
Келіссөздер барысында ғылыми және академиялық әріптестікті кеңейту, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ ЕҰУ-дің халықаралық деңгейдегі беделін арттыру және жаһандық университеттік рейтингтердегі позициясын нығайту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Сапар аясында Қырғызстан университеттерінің бірнеше факультетінің басшылығымен де кездесулер өтті. Сонымен қатар ЕҰУ өкілі ағылшын тілі оқытушыларына арналған шеберлік сабағын өткізіп, онда шетел тілдерін оқытудың заманауи әдістемелері мен осы саладағы мамандарды даярлау мәселелерін қарастырды.
Айта кету керек, ЕҰУ бес университеттен құралған халықаралық консорциум құрамында Британдық Кеңестің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан үшінші бірлескен жобаға қатысуда. Жобаға Ұлыбританияның Линкольн университетінің докторы Оланреваджу Олаойе және Қазақстанның Baishev University профессоры Бибігүл Қусанова жетекшілік етеді.
