
Журналистикадан психологияға дейін: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің ашық есік күні өтті

Мамандықты қалай таңдауға болады және болашақ кәсіби жолды неден бастау керек? Бұл сұрақтарға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінде өткен ашық есік күніне қатысқан талапкерлер жауап іздеді. Іс-шара 2026 жылдың 14 қарашасында өтіп, білім беру бағдарламаларымен танысуды, кафедра өкілдерінің баяндамаларын және студенттердің шығармашылық өнер көрсетуін қамтыды. Кездесудің мақсаты – болашақ талапкерлерді білім беру бағдарламаларымен, оқу ерекшеліктерімен және кәсіби даму мүмкіндіктерімен таныстыру.
Ашық есік күні аясында қатысушыларға жеті бағыт бойынша білім беру бағдарламалары таныстырылды. Олар: журналистика және медиаөнер, медиакоммуникациялар және қоғаммен байланыс, психология, әлеуметтану, философия және дінтану бағыттары. Кафедра өкілдері білім беру бағдарламаларының мазмұны, негізгі дайындық бағыттары және түлектердің кәсіби мүмкіндіктері туралы айтып берді. Бір жоғары мектеп аясында біріктірілген мамандықтардың алуандығына ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар медиаконтент жасаудан және қоғамдық ақпаратпен жұмыс істеуден бастап, адам мінез-құлқын, қоғамдық үдерістерді, мәдениет пен дүниетанымды зерттеуге дейінгі түрлі салаларды қамтиды.
Іс-шараның маңызды бөлімдерінің бірі кафедра өкілдерімен кездесу болды. Талапкерлер өздерін қызықтырған білім беру бағыттары, оқу ерекшеліктері мен студенттік өмір туралы сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.
Ашық есік күні болашақ талапкерлерге Жоғары мектептің қызметімен танысып, өздерінің алдағы кәсіби жолын таңдауға қажетті ақпарат алуға мүмкіндік берді.
Бәлкім, келесі оқу жылында бүгінгі қонақтар университеттің бір бөлшегіне айналып, студенттер қатарын толықтырар. Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі жаңа талапкерлерді, тың идеялар мен жарқын бастамаларды асыға күтеді!
