
ЕҰУ QS Sustainability Rankings 2027 рейтингінде экологиялық зерттеулер бойынша Қазақстан мен Орталық Азияда 1-орын иеленді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті QS World University Rankings: Sustainability 2027 халықаралық рейтингінде жоғары нәтижелер көрсетті. ЕҰУ «Экологиялық зерттеулер» бағыты бойынша Қазақстанда және Орталық Азияда 1-орын иеленіп, тұрақты болашаққа бағытталған ғылымды дамытудағы көшбасшылық рөлін растады.
QS университеттердің таза энергетика, қалалардың тұрақты дамуы, жауапты тұтыну, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл және экожүйелерді сақтау салаларындағы ғылыми-зерттеу қызметін бағалайды.
ЕҰУ-дың тағы бір мықты бағыты - экологиялық білім беру. Университет 100 балдың 70,6-ын жинап, әлемдік рейтингте 476-орын, Орталық Азияда 5-орын және Қазақстан жоғары оқу орындары арасында 4-орын иеленді. Бұл нәтиже ЕҰУ-дың экологиялық тұрақтылық саласындағы білім беру бағдарламаларын, құзыреттер мен бастамаларды дамытуға қосқан үлесін көрсетеді.
Әлеуметтік ықпал блогында университет бірден екі көрсеткіш - «Білім берудің ықпалы» және «Денсаулық пен әл-ауқат» бойынша Орталық Азияда 2-орын иеленді. «Теңдік» бағыты бойынша ЕҰУ 67,7 балл жинап, Орталық Азия мен Қазақстанның үздік үш университетінің қатарына енді.
«Басқару» бағыты да жоғары бағаланып, 100 балдың 77,5-ын алды. Бұл көрсеткішті бағалау кезінде QS шешім қабылдаудың ашықтығын, этикалық қағидаттардың сақталуын, студенттердің университетті басқаруға қатысуын және қаржылық ашықтықты ескереді.
Жалпы есепте ЕҰУ Орталық Азиядағы 36 университет арасында 2-орын иеленіп, Қазақстанның 24 жоғары оқу орны арасында 2-орнын сақтап қалды.
Университеттің жалпы балы өсуді жалғастыруда: 2027 жылы көрсеткіш 56,7 балдан 57,3 балға дейін көтерілді. Екі жыл ішінде ЕҰУ нәтижесі бірден 8,8 балға жақсарып, 2025 жылғы 48,5 балдан 2027 жылы 57,3 балға жетті.
QS Sustainability Rankings 2027 рейтингіне әлемнің 107 елі мен аумағынан 2 003 университет енді. ЕҰУ нәтижелері университеттің экологиялық зерттеулер, тұрақты білім беру және әлеуметтік жауапты басқару салаларындағы көшбасшылығын растап, оның ұлттық және Орталық Азия кеңістігіндегі позициясын нығайтады.
