
Бразилиядан Иорданияға дейін: ЕҰУ халықаралық академиялық байланысты нығайтуда

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шетелдік үш жоғары оқу орнымен – Кампинас мемлекеттік университетімен (Бразилия), Сумгаит мемлекеттік университетімен (Әзербайжан) және Қолданбалы ғылымдар жеке университетімен (Иордания) өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды. Құжаттарға жоғары оқу орындарының басшылары Ерлан Сыдықов, Паулу Сезар Монтаньер, Нурали Юсифбейли және Самиха Джарра қол қойды. Қол қою рәсімі Астанада өткен III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы аясында ұйымдастырылды.
Меморандумдар халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға және студенттерге, оқытушылар мен ғалымдарға қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Кампинас мемлекеттік университетімен жасалған келісім бірлескен білім беру бағдарламаларын, оның ішінде қос диплом бағдарламаларын әзірлеуге, ғылыми-технологиялық зерттеулер жүргізуге және академиялық алмасуларды ұйымдастыруға серпін береді.
Сумгаит мемлекеттік университетімен жасалған меморандум бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыруға, сондай-ақ білім беру бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған. Экологиялық менеджмент саласындағы ынтымақтастыққа, оқытудың инновациялық әдістерімен алмасуға және бірлескен ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруға ерекше назар аударылды.
Иорданияның Қолданбалы ғылымдар жеке университетімен ынтымақтастық мамандарды даярлау және қайта даярлау бойынша білім беру жобаларын дамытуға, бірлескен зерттеулер мен ғылыми іс-шаралар өткізуге мүмкіндік береді. Тараптар студенттердің, магистранттардың, докторанттардың, оқытушылар мен әкімшілік қызметкерлердің академиялық алмасуына да қолдау көрсетуге ниетті.
Кампинас мемлекеттік университеті – Бразилия мен Латын Америкасындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет 1966 жылғы 5 қазанда құрылған. Оның қызметі мамандар даярлауды, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуді, технологиялар әзірлеуді және өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатуды қамтиды.
Университеттің негізгі білім беру және зерттеу бағыттарына инженерлік ғылымдар, ақпараттық технологиялар, физика, математика, химия, биология, медицина, стоматология, экономика, білім беру, гуманитарлық ғылымдар мен өнер кіреді. QS World University Rankings 2027 рейтингінде оқу орны әлем бойынша 277-орында тұр.
Сумгаит мемлекеттік университеті – Әзербайжан Республикасының Сумгаит қаласында орналасқан мемлекеттік көпсалалы жоғары оқу орны. Университеттің тарихы 1962 жылдан бастау алады. Мұнда энергетика және цифрлық технологиялар, гуманитарлық пәндер мен қоғамдық-саяси ғылымдар, химия және экология, өнеркәсіптік экономика және басқару, жаратылыстану ғылымдары мен математика салалары бойынша мамандар даярланады.
Қолданбалы ғылымдар жеке университеті Иорданияның астанасы Амман қаласында орналасқан. Университет 1989 жылы лицензия алып, 1991 жылғы қазанда білім беру қызметін бастаған. Жоғары оқу орны бакалавриат, магистратура және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары аясында 59 мамандық ұсынады.
QS World University Rankings 2027 рейтингінде университет 761–770-орындар тобында, ал THE World University Rankings 2027 рейтингінде әлемнің үздік университеттері арасында 401–450-орындар тобында орналасқан. QS Stars бағалау жүйесі бойынша университетке Five Stars Plus мәртебесі берілген.
