
Докторанттарға арналған ғылыми семинар аясында шет тілдерін оқытудың өзекті мәселелері талқыланды

2026 жылғы 18 қарашада Білім жоғары мектебінің Шетел тілдерінің теориясы мен практикасы кафедрасында «8D01719 – Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының докторанттарына арналған кезекті ғылыми семинар отырысы өтті.
Семинардың негізгі мақсаты 3-курс докторанттарының ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін талқылау, қол жеткізген жетістіктерін таныстыру және шет тілінде білім беру саласындағы заманауи зерттеулердің өзекті бағыттары бойынша пікір алмасу болды.
Семинар барысында келесі ғылыми баяндамалар ұсынылды:
Ерғабылова Арайлым (ғылыми кеңесшісі – PhD докторы Ш.М. Төребаева) «Бейімделген оқытуды жүзеге асыруда жасанды интеллект технологияларын пайдалану» тақырыбында зерттеу жұмысын таныстырды. Баяндамада білім беру үдерісін жекелендіру және оқытуды білім алушылардың жеке қажеттіліктеріне бейімдеу мақсатында жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселелері қарастырылды.
Жайлаубай Диана Айдарқызы (ғылыми кеңесшісі – филология ғылымдарының докторы, доцент Г.И. Байғұнисова) «The Impact of Technology-Enhanced Language Learning on Bilingual Education» («Технологияларды қолдану арқылы тілдерді оқытудың билингвалды білім беруге әсері») тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада билингвалды білім беруді дамытудағы цифрлық білім беру технологияларының рөліне ерекше назар аударылды.
Жұмағалиева Гүлдана Жалмұханқызы (ғылыми кеңесшісі – PhD докторы Гүлнұр Ерік) «Шет тілі сабақтарында цифрлық технологиялар арқылы сыни ойлау дағдыларын дамыту (тілдік емес мамандықтар мысалында)» тақырыбындағы зерттеуін ұсынды. Баяндамада тілдік емес мамандықтар студенттерінің сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру мақсатында шет тілін оқыту үдерісіне цифрлық құралдарды кіріктіру мүмкіндіктері қарастырылды.
Нұржанова Айнура (ғылыми кеңесшісі – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Р.Ф. Жүсіпова) «Болашақ шет тілі педагогтерінің құзыреттерін қалыптастыру үдерісіне жасанды интеллектіні кіріктірудің ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында баяндама жасады. Зерттеу аясында болашақ шет тілі мұғалімдерін кәсіби даярлау барысында жасанды интеллектіні қолданудың педагогикалық және әдістемелік аспектілері талқыланды.
Ұсынылған баяндамалар кәсіби қызығушылық тудырып, тілдік білім беруді цифрландыру, жасанды интеллектіні білім беру тәжірибесіне енгізу, сыни ойлау дағдыларын дамыту және билингвалды оқытуды жетілдіру мәселелері бойынша ғылыми пікірталасқа негіз болды.
Ғылыми семинар шет тілінде білім беру саласындағы заманауи үрдістерді талқылауға және шет тілдерін оқытудың қазіргі әдістемесіндегі өзекті мәселелердің ғылыми негізделген шешімдерін іздеуге арналған маңызды ғылыми-әдістемелік алаң ретінде өз жұмысын жалғастыруда.
