
Қытай Халық Республикасына ғылыми іссапар: қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен рухани мұрасын зерттеу

2026 жылғы 7–16 қараша аралығында BR28713029 «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті өзгерту және қайта құру» ғылыми жобасы аясында жоба жетекшісі – Т.С. Каленова бастаған зерттеу тобы Қытай Халық Республикасының Бейжің және Құлжа қалаларына ғылыми іссапармен барды. Зерттеу тобының құрамында профессор Ж.О. Артықбаев, Г.Қ. Айкинбаева, Х.Б. Маслов және Ж.З. Төлеубаев болды.
Іссапардың негізгі мақсаты – халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту, Қытайдың дәстүрлі мәдениет пен материалдық емес мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау тәжірибесімен танысу, сондай-ақ Қытай аумағында тұратын қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, халық шығармашылығын және рухани мәдениетін зерделеу болды.
Ғылыми іссапардың алғашқы кезеңінде Бейжің қаласында Қытайдың мәдени мұраны зерттеу және сақтау бағытындағы тәжірибесі зерделенді. Бұл ретте Қытай Халық Республикасының Қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтымен (中国社会科学院俄罗斯东欧中亚研究所) ғылыми байланыстарды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Аталған ғылыми мекеме Орталық Азия мемлекеттерінің тарихын, аймақтық үдерістерді, тарихи-мәдени байланыстар мен қоғамдық даму мәселелерін зерттеуге маманданған. Осы бағыттағы ғылыми тәжірибемен танысу жобаның зерттеу міндеттері тұрғысынан маңызды болды.
Қазақстан мен Қытайдың тарихи-мәдени мұрасын салыстырмалы зерттеу де іссапардың маңызды бағыттарының бірі болды. Екі елдің тарихи байланыстары Ұлы Жібек жолы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы халықтар арасындағы мәдени ықпалдастықтың дамуына негіз болды. Осы тарихи байланыстарды зерделеу ортақ мәдени құндылықтар мен аймақтық ерекшеліктерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
11–16 қараша аралығында ғылыми зерттеу жұмыстары Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Іле Қазақ автономиялық облысының орталығы Құлжа (Инин) қаласында жалғасты.
Іле өңірі – Қытай аумағындағы қазақ халқы тарихи қоныстанған маңызды аймақтардың бірі. Сондықтан бұл өңірдің дәстүрлі мәдениетін, халық шығармашылығын және рухани мұрасын зерттеудің маңызы зор.
Ғылыми іссапар аясында зерттеу тобы Іле Қазақ автономиялық облысының музейіне (伊犁州博物馆) барды. Музей экспозицияларымен танысу барысында өңірдің тарихына, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне және дәстүрлі мәдениетіне қатысты материалдар қарастырылды. Атап айтқанда, ұлттық киімдер, тұрмыстық бұйымдар, дәстүрлі шаруашылық түрлері, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды бейнелейтін жәдігерлерге назар аударылды. Аталған музейге бару барысында алынған мәліметтер жобаның ғылыми дерекқорын толықтыруға және қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің аймақтық ерекшеліктерін зерделеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар іссапар барысында Құлжа қаласының маңында орналасқан Моғолстан хандары Тоғылық-Темір (吐虎鲁克·铁木尔汗麻扎) мен Сұлтан Уәйіс ханның (速檀·歪思汗麻扎) мазарларына зиярат жасалынды. Аталған тарихи ескерткіштер Моғолстан дәуірінің саяси тарихын, Орталық Азия халықтарының тарихи байланыстарын және қазақ халқының ортағасырлық тарихын зерттеу тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Іссапар нәтижесінде жиналған ғылыми-этнографиялық және тарихи материалдар BR28713029 жобасының ғылыми дерекқорын толықтыруға, ғылыми мақалалар мен зерттеу жарияланымдарын дайындауға негіз болады.
Аталмыш ғылыми іссапар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-мәдени байланыстарды дамытуға, қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын тереңірек зерттеуге және қазіргі ұлттық бірегейліктің қалыптасуындағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерделеуге өз үлесін қосты.
