
ЕҰУ ядролық білім беру саласындағы Қазақстан-Ресей жоғары оқу орындары консорциумына қосылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ядролық білім беру саласындағы Қазақстан-Ресей жоғары оқу орындары консорциумының құрамына енді. Екі елдің тоғыз университетін біріктірген консорциум Қазақстанның дамып келе жатқан атом саласына білікті мамандар даярлауды көздейді.
Келісімдер алмасу рәсімі Астанада өткен III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының және «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университетінің өкілдері қатысты.
Консорциумның құрылуы Қазақстан мен Ресей университеттерінің білім беру, ғылыми және инфрақұрылымдық әлеуетін біріктіруге, ядролық білім беруді дамытуға және атом саласының қажеттіліктеріне сәйкес мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Ынтымақтастық аясында жоғары оқу орындары бірлескен білім беру бағдарламаларын, соның ішінде қос диплом бағдарламаларын әзірлеуді, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуды, тағылымдамалар ұйымдастыруды және мамандарды кәсіби қайта даярлауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, зертханалық базаны дамытуға және болашақ мамандардың практикалық даярлығын жетілдіруге айрықша көңіл бөлінеді.
Консорциум құрамына Қазақстанның сегіз университеті енді. Олар: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Шәкәрім университеті, Astana IT University және С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті. Ресей тарапынан «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университеті өкілдік етеді.
Консорциумның құрылуы Қазақстанның атом энергетикасын дамытудың стратегиялық маңызымен және сала үшін ұлттық кадрлық әлеуетті қалыптастыру қажеттілігімен байланысты.
