
ЕҰУ Білім жоғары мектебінде Джонс Хопкинс университетінің (АҚШ) делегациясымен кездесу өтті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Білім жоғары мектебінде Джонс Хопкинс университетінің (АҚШ) делегациясымен кездесу өтті. Кездесуге Білім жоғары мектебінің директоры Нуриля Касымбекова модераторлық етті. Сондай-ақ кездесуге кафедра меңгерушілері, ғалымдар мен докторанттар қатысты.
Америкалық делегация құрамында Дженнифер Адамс – Джонс Хопкинс университеті Білім мектебінің ITGL бағдарламасының директоры, Сакил Малик – Білім мектебінің жаһандық серіктестік жөніндегі аға кеңесшісі, Назерке Асан – GCFIL орталығының зерттеулер мен әзірлемелер жөніндегі маманы болды.
Кездесу барысында тараптар білім беру және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін, академиялық өзара іс-қимылды, ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Кездесу екі университет арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға және алдағы ғылыми әрі академиялық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын айқындауға маңызды қадам болды.
