
Белград университетінің профессоры ЕҰУ-де наукометрия бойынша ғылыми семинар өткізді

2026 жылғы 19 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасында Сербияның Белград университеті География факультетінің профессоры, PhD Александар Вальяревичтің (Aleksandar Valjarević) «Наукометриядағы сандық талдау» (Numerical Analysis in Scientometrics) тақырыбында ғылыми семинары өтті.
Ғылыми семинар офлайн және онлайн форматта қатар өтті. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, докторанттары мен магистранттары семинарға 333-аудиторияда және Microsoft Teams платформасы арқылы қатысты.
Семинар ғылыми жарияланымдарды сандық әдістермен талдауға, зерттеушілердің жарияланым белсенділігін бағалауға және халықаралық ғылыми дерекқорлардағы көрсеткіштерді дұрыс түсіндіруге арналды.
Профессор наукометрияның негізгі ұғымдарын түсіндіріп, Scopus, Google Scholar, SCImago, Web of Science және OpenAlex платформаларының ерекшеліктеріне тоқталды. Ғылыми еңбектерге жасалған сілтемелер санын анықтау, авторлардың h-индексі мен i10-индексін есептеу, сондай-ақ ғылыми журналдардың CiteScore, SJR және Journal Impact Factor көрсеткіштерін салыстыру мәселелері қарастырылды.
Семинар материалдарында сандық талдаудың нақты есептеу мысалдары ұсынылды. Атап айтқанда, ғылыми мақалаларға жасалған сілтемелердің жалпы саны мен орташа көрсеткішін анықтау, h-индексті кезең-кезеңімен есептеу және ғылыми жарияланымдардың жылдар бойынша өзгерісін талдау жолдары түсіндірілді. Оқу мақсатында құрастырылған деректер арқылы бірдей сілтеме саны бар зерттеушілердің h-индексі әртүрлі болуы мүмкін екені көрсетілді.
Профессор ғылыми көрсеткіштерді салыстырғанда зерттеу саласын, жарияланған жылын, дерекқордың қамту аясын және есептеу әдісін ескеру керегіне назар аударды. Ғылыми еңбекке жасалған сілтемелер саны оның сапасын толық сипаттамайтыны, ал журналдың квартилі жеке мақаланың ғылыми деңгейін тікелей анықтамайтыны түсіндірілді.
Сонымен қатар VOSviewer бағдарламасының көмегімен ғылыми жарияланымдардағы түйінді сөздердің өзара байланысын талдау және зерттеу бағыттарын библиометриялық картада көрсету тәсілдері таныстырылды. Географиялық ақпараттық жүйелер мен Жерді қашықтан зондтау саласындағы зерттеулер мысалында ғылыми жарияланымдарды іздеу, деректерді іріктеу және нәтижелерді салыстыру кезеңдері қарастырылды.
Профессор халықаралық ғылыми баспалармен жұмыс істеудегі жеке тәжірибесіне де тоқталып, ғылыми мақалаларды жариялауға кететін уақыт пен оларды журналдарға ұсыну әрекеттеріне қатысты бақылауларын бөлісті.
Семинар ғылыми жарияланымдарды талдау, ғылыми көрсеткіштерді дұрыс түсіндіру және зерттеу нәтижелерін бағалау жөніндегі білімді тереңдетуге арналды. Мұндай кездесулер кафедраның халықаралық академиялық байланысын нығайтып, профессор-оқытушылар мен жас зерттеушілердің ғылыми тәжірибе алмасуына ықпал етеді.
