
ЕҰУ-да қазақ IT-терминологиясын дамытудың жаңа бағыттары талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ IT-терминологиясы: өзекті мәселелер мен жаңа бағыттар» тақырыбында ғылыми-практикалық жиын өтті. Басқосу цифрлық кеңістікте мемлекеттік тілді дамыту мен қолданудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға арналды.
Іс-шараны ЕҰУ-дың Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институты ұйымдастырды. Басқосу Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған цифрлық трансформацияны жеделдету, жасанды интеллектіні дамыту және қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту жөніндегі стратегиялық басымдықтар аясында өткізілді.
Алқалы жиынға ғылыми қауымдастық, мемлекеттік және қоғамдық институттар, сондай-ақ еліміздің жетекші технологиялық ұйымдарының өкілдері қатысты. Отырыста ЕҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай мен ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйледі.
«Қазақ тілі дайын ақпаратты жеткізетін құрал ғана емес, жаңа ғылыми білімді қалыптастырып, технологиялық үдерістерді түсіндіре алатын тіл болуы тиіс.
Осы орайда IT саласындағы жаңа терминдердің қазақша баламаларын ғылыми тұрғыдан сараптап, оларды қолданысқа енгізу – ғалымдар мен сала мамандарына ортақ жауапкершілік. Бүгінгі басқосу қазақ тіліндегі IT терминологиясын дамытудың жаңа бағыттарын айқындап, ғылыми орта мен технологиялық қауымдастықтың байланысын нығайтуға ықпал етеді.Сонымен қатар қазақ тіліндегі ғылыми басылымдардың халықаралық деңгейде мойындалуына мүмкіндік бар. Бұған ЕҰУ-дың «Turkic Studies Journal» журналының Scopus халықаралық дерекқорына енуі нақты дәлел. Мұндай жетістік қазақ тілінің ғылым мен технология саласындағы әлеуетін көрсетіп, сапалы ғылыми контентті көбейтуге жол ашады», – деді Ерлан Сыдықов.
ЕҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай өз сөзінде қазақ тілін цифрлық дәуірдің талаптарына бейімдеу – ұлттық болмысымызды сақтап, мемлекеттік тілдің ғылым мен технологиядағы орнын нығайтудың маңызды шарты екенін атап өтті.
«Қазақ тілінің цифрлық кеңістікте кеңінен қолданылуы үшін IT-терминдерді аударумен ғана шектелмей, оларды ғылыми тұрғыдан жүйелеп, тәжірибеге енгізуіміз қажет. Ортақ терминологиялық қор білім беру бағдарламаларына, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге, сөйлеуді тану технологиялары мен үлкен тілдік модельдерге сапалы қазақша мазмұн ұсынуға мүмкіндік береді. Осы бағытта тіл мамандары, ғалымдар, IT-сарапшылар және технологиялық компаниялар күш біріктіруі тиіс», – деді Директорлар кеңесінің төрағасы.
Сараптамалық талқылауға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының вице-президенті, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, «Қазақстан Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Нұртөре Жүсіп, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың, «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, Республикалық ғарыштық байланыс орталығының өкілдері, бизнес саласының мамандары мен сарапшы ғалымдар қатысты.
Жиын барысында ағылшын тіліндегі IT-терминдерді ғылым, білім, мемлекеттік басқару және технологиялық индустрияның қажеттіліктеріне сай қазақ тіліне аудару, бейімдеу және біріздендіру мәселелері жан-жақты сөз болды. Қатысушылар термин жасаудың заманауи тәсілдеріне, қазақтілді цифрлық ресурстарды дамытуға және түркі тілдерін зерттеуге қатысты пікір алмасты.
Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтының директоры Шахмаран Сейілов қазақ тіліндегі IT-терминдерді біріздендірудің цифрлық технологияларды дамытудағы маңызына тоқталды.
«Қазақ тіліндегі IT терминологиясын қалыптастыру және біріздендіру үшін тілші ғалымдар, IT мамандары мен сала өкілдері өзара бірлесе жұмыс істеуі қажет. Жаңа терминдерді аударумен ғана шектелмей, олардың ғылыми негізді, мағыналық жағынан дәл әрі қолдануға қолайлы болуына баса мән берген жөн. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының рейтингтік бағалау жүйесінде қазақ тілінде жарияланған ғылыми мақалалардың үлесін ескеріп, олардың академиялық маңызын арттыру қажет. Диссертациялық кеңестерде де ғылыми еңбектер мен мақалалардың қазақ тілінде дайындалуына және жариялануына тиісті деңгейде көңіл бөлінуі тиіс. Бұл қазақ тілінің ғылым мен технология саласындағы қолданыс аясын кеңейтіп, сапалы ғылыми контенттің қалыптасуына мүмкіндік береді»,– деді ол.
Іс-шарада IT-терминдердің қазақша баламаларын сарапшылар арасында талқылауға және жүйелеуге арналған ашық сауалнама жүйесі – «Digital Terms» жобасы таныстырылды. Бұл платформа сала мамандарының ұсыныстарын жинап, терминдерді көпшілік талқысына ұсынуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында қазақ IT-терминологиясын жүйелеуге бағытталған практикалық ұсынымдар әзірленіп, ғылыми қауымдастық пен технологиялық сала арасындағы ынтымақтастықтың алдағы бағыттары айқындалды.
