
ЕҰУ-да құқықтық білім беру мәселелері талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстандағы конституциялық реформаларды іске асырудағы құқықтық білім мен құқықтық ағартудың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ЕҰУ Конституционализм және цифрлық құқық ғылыми-зерттеу институты мен Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты бірлесіп ұйымдастырды.
Жиынды ЕҰУ ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Сапарходжаев ашып, конституциялық реформалардың мәні мен маңызын қоғамға түсіндіру қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Айрат Базенов конституциялық реформаның негізгі мақсаттары мен оны іске асыру барысында атқарылатын міндеттерге тоқталды.
«Конституциялық реформаның басты мақсаты – құқықтық жүйені жетілдіру, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды нығайту және мемлекеттік басқаруды конституциялық қағидаттарға сәйкес дамыту», – деді депутат.
Дөңгелек үстелдің модераторлары – Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты директорының бірінші орынбасары Еркін Оңғарбаев пен ЕҰУ Конституционализм және цифрлық құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры Ермек Абдрасулов болды.
Ермек Абдрасулов «Цифрлық дәуірдегі конституциялық ағарту: конституциялық құндылықтарды насихаттаудың жаңа тетіктері» тақырыбында баяндама жасап, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруда цифрлық технологияларды қолданудың мүмкіндіктерін таныстырды. Ол жасанды интеллект негізіндегі көмекшілерді, мемлекеттік қызметтердегі құқықтық ақпараттық кеңестерді, цифрлық оқыту құралдарын және құқықтық ақпаратты тексеру сервистерін конституциялық ағартудың перспективалы бағыттары ретінде атап өтті.
«Конституциялық ағартудың мақсаты – азаматтарға Конституцияның мәтінін таныстырумен ғана шектелмей, оның нормаларын күнделікті өмірде қалай қолдануға болатынын түсіндіру. Цифрлық технологиялар осы бағытта жаңа мүмкіндіктер ашады. Бастысы, конституциялық білім әр адамға қажетті сәтте, түсінікті әрі қолжетімді болуы керек», – деді профессор.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Конституциясының адам құқықтарын қорғау әлеуеті, жасанды интеллектіні заңгерлік қызмет пен білім беру үдерісінде қолдану, құқықтық мәдениет пен конституциялық сананы қалыптастыру, «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету және заңгер кадрларды даярлаудың жаңа міндеттері талқыланды.
Аталған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Марат Башимов, Maqsut Narikbayev University өкілдері Сергей Пен мен Айгерім Құсайынқызы, Құқық қорғау органдары академиясының профессоры Алмаз Ешанов, Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілдері Светлана Исаева, Ерік Ахметов, Алипаша Қараев пен Айгүл Құрманова, сондай-ақ Тимур Авенов баяндама жасады.
Жиын соңында қатысушылар конституциялық реформаларды түсіндіру, құқықтық білім беру жүйесін жетілдіру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағыттары бойынша пікір алмасты. Дөңгелек үстелге заң ғылымдарының өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлары, ғылыми қызметкерлер мен құқық саласының мамандары қатысты.
