
ЕҰУ ФТҒИ Бразилияның Кампинас университетімен ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуде

2026 жылғы 20 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физика-техникалық ғылымдар институтында (ФТҒИ) Бразилияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі - Кампинас университетінің (UNICAMP) делегациясымен кездесу өтті.
Кездесу Астана қаласында өткен QS Eurasia Forum 2026 халықаралық форумы аясында ұйымдастырылды.
Бразилиялық делегацияны Физика-техникалық ғылымдар институтының директоры Ерик Ерсалынұлы Нұрмолдин қабылдады.
Кездесудің басты тақырыбы ФТҒИ мен Кампинас университеті арасындағы ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықты орнату және дамыту перспективалары болды.
Тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, ғылыми тәжірибе алмасу, оқытушылар мен зерттеушілердің академиялық ұтқырлығын дамыту, сондай-ақ халықаралық ғылыми басылымдарда бірлескен мақалалар жариялау мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.
Физика, материалтану, функционалдық материалдарды зерттеу және заманауи эксперименттік технологиялар салалары ғылыми ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде қарастырылады.
Аталған кездесу Физика-техникалық ғылымдар институтының халықаралық ғылыми байланыстарын нығайтуға және Бразилияның ғылыми қауымдастығымен өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негіз қалады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физика-техникалық ғылымдар институты шетелдік университеттермен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен әріптестік байланыстарды нығайта отырып, халықаралық ғылыми ынтымақтастық аясын жүйелі түрде кеңейтуді жалғастыруда.
