
ЕҰУ-да «Географиялық диктант – 2026» халықаралық акциясы өтті

2026 жылғы 22 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Географиялық диктант – 2026» халықаралық ағартушылық акциясы өтті. Ресей географиялық қоғамының бастамасымен ұйымдастырылатын бұл жобаға университет биыл халықаралық алаң ретінде қатысты.
Іс-шараны Жаратылыстану ғылымдары институтының Физикалық және экономикалық география кафедрасы ұйымдастырды. Университет алаңының тіркеу нөмірі – KZ72798.
Биыл ЕҰУ алаңында 135 адам географиялық білімін сынады. Оның ішінде 108 қатысушы қазақ тіліндегі халықаралық нұсқаны, ал 27 қатысушы орыс тіліндегі негізгі нұсқаны орындады. Диктант университеттің №3 оқу ғимаратындағы 119-аудиторияда өтті.
Биылғы акцияның ерекшелігі – кафедра оқытушыларының диктанттың қазақша нұсқасын әзірлеуге атсалысуы. Сонымен қатар Қазақстанның табиғаты мен географиясына арналған үш сұрақ халықаралық диктантқа енгізілді. Олар еліміздегі бірегей табиғи нысандар – Айғайқұм, Ақсу-Жабағылы қорығы және Ертіс өзені туралы болды.
«Географиялық диктант» 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – географиялық білімді кеңінен тарату, табиғат пен мәдени мұраға қызығушылықты арттыру және адамдарды ортақ танымға ұйыстыру.
Халықаралық акцияның ЕҰУ-де өтуі университеттің географиялық білімді насихаттау ісіне қосқан үлесін көрсетті. Ал қазақша нұсқаның әзірленуі мен Қазақстан туралы сұрақтардың енгізілуі еліміздің географиялық ерекшеліктерін халықаралық деңгейде танытуға ықпал етті.
Физикалық және экономикалық география кафедрасы диктантқа қатысқан азаматтарға, сондай-ақ іс-шараны ұйымдастыруға көмектескен оқытушылар мен студенттерге алғыс білдіреді.
