
ЕҰУ Қазақстанның құрылыс саласына арналған цифрлық геотехникалық платформаны таныстырды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстандағы инженерлік ізденістердің сенімділігін арттыруға және құрылыс нысандарының негіздері мен іргетастарын жобалауды оңтайландыруға бағытталған инновациялық цифрлық әзірлемесін таныстырды. Жобаның таныстырылымы Түркістан қаласында өткен ғылыми-практикалық семинар аясында ұйымдастырылды. Іс-шара университеттің «Қазақстандағы құрылыс кезінде негіздер мен іргетастарды оңтайландыруға арналған геоақпараттық деректер базасын – жасанды интеллектті әзірлеу» жобасын іске асыру шеңберінде өтті.
Семинарға құрылыс, жобалау және инженерлік-іздестіру ұйымдарының, ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Іс-шараның негізгі тақырыбы құрылыс саласына цифрлық геотехникалық шешімдерді енгізу, инженерлік-геологиялық деректерді өңдеуде жасанды интеллектті қолдану және ғылым мен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналды.
Қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйлеген жобаның жетекшісі, ЕҰУ Геотехникалық институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰИА академигі Асқар Жүсіпбеков құрылыс саласын цифрландырудың өзектілігін және ғылыми зерттеулер нәтижелерін бейінді ұйымдардың практикалық қызметіне енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Өз баяндамасында Асқар Жүсіпбеков жобаны іске асырудың негізгі бағыттарын, оның ғылыми және практикалық маңызын, сондай-ақ әзірленген геоақпараттық деректер базасын Қазақстанның құрылыс саласында қолдану перспективаларын таныстырды.
Семинардың практикалық бөлімінде цифрлық платформаның мүмкіндіктері көрсетілді. PhD, қауымдастырылған профессор Н. Әлібекова әзірленген геоақпараттық деректер базасының интерфейсін таныстырып, оның функционалдық мүмкіндіктерін көрсетті. Қатысушылар инженерлік-геологиялық мәліметтерді іздеу, ұңғымалар бойынша ақпаратты қарау және аналитикалық материалдар қалыптастыру құралдарымен танысты.
Платформаны құрылыс жобаларының бастапқы кезеңдерінде пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Жүйеленген инженерлік-геологиялық деректерді пайдалану құрылыс алаңының жағдайы туралы алдын ала мәлімет алуға, қажетті ақпаратты іздеуді жеңілдетуге және негіздер мен іргетастардың конструкцияларын таңдау кезінде жобалық шешімдердің негізділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның маңызды бөлігі құрылыс саласының өзекті қажеттіліктеріне арналған панельдік пікірталас болды. Асқар Жүсіпбековтің модераторлығымен өткен талқылауға жобалау, іздестіру және құрылыс ұйымдарының, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Олар цифрлық геотехникалық құралдарды пайдалану перспективаларын талқылап, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті және деректер базасын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар енгізді.
Сондай-ақ ЕҰУ мен құрылыс саласы кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастық перспективаларына ерекше назар аударылды. Н. Әлібекова қызмет көрсетудің ықтимал форматтарын, инженерлік-геологиялық ұңғымалар базасына коммерциялық қолжетімділік нұсқаларын және ондағы ақпаратты пайдалану қағидаларын таныстырды.
Потенциалды пайдаланушылардың қажеттіліктерін анықтау мақсатында негізгі сессиядан кейін қатысушылар кері байланыс сауалнамаларын толтырды. Алынған ұсыныстар мен ұсынымдар платформаның функционалдық мүмкіндіктерін жетілдіруге және оны кәсіби қауымдастықтың сұраныстарына бейімдеуге негіз болады.
Бағдарламаның жалғасы ретінде «Цифрлық геотехникалық шешімдерді құрылыс саласына енгізу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар инженерлік ізденістерді цифрландырудағы негізгі кедергілер мен мүмкіндіктерді, геологиялық деректерді жобалау үдерістеріне интеграциялау мәселелерін, сондай-ақ құрылыс алаңдарының инженерлік-геологиялық жағдайларын бағалауда жасанды интеллектті қолдану перспективаларын талқылады.
Іс-шараның практикалық бағытын жоба командасының әлеуетті тапсырыс берушілермен және серіктестермен өткізген B2B кездесулері толықтырды. Құрылыс, жобалау және инженерлік-іздестіру ұйымдарының өкілдерімен жеке келіссөздер барысында әзірлемені сынақтан өткізу, одан әрі ынтымақтастық орнату және геоақпараттық деректер базасын нақты құрылыс жобаларында пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.
Семинар қорытындысы бойынша бейінді ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту және ғылыми жоба нәтижелерін инженерлік ізденістер мен жобалау тәжірибесіне енгізу бағытындағы келесі қадамдар айқындалды.
