
ЕҰУ шығыстанушы студенттері Қытайдағы халықаралық байқаудың жоғары наградасына ие болды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультеті Шығыстану кафедрасының студенттері Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өткен X дүниежүзілік қытай поэзиясын мәнерлеп оқу байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, Бас жүлдеге ие болды.
Шанхай университетінде «Он жылдық бірлік - поэзияның мәңгілік үні» атты X дүниежүзілік қытай поэзиясын мәнерлеп оқу байқауының финалдық кезеңі өтті. Халықаралық деңгейдегі мәдени-әдеби іс-шараға АҚШ, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Байқаудың ашылу салтанатында Шанхай университетінің басшысы У Цзяньюн (Wu Jianyong) қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, халықаралық мәдени байланыстарды дамытудағы поэзияның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ байқауды ұйымдастырушы, Шанхай университетінің профессоры, іс-шараның жетекшісі, магистратура және PhD докторантура орталығының деканы Яо Жун (Yao Rong), шетелдік (АҚШ, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия) жоғары оқу орындарының ректорлары мен өкілдері қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.
Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Мирас Косыбаев бейнеқұттықтау жолдап, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық және академиялық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Байқауға университет атынан қатысқан студенттер делегациясына Халықаралық қатынастар факультеті Шығыстану кафедрасының меңгерушісі Гульнара Биримкулова жетекшілік етті.
Байқау қорытындысы бойынша Шығыстану кафедрасының студенттері Айхан Ғазиз мен Камила Нариманова қытай поэзиясын мәнерлеп оқу шеберлігін жоғары деңгейде көрсетіп, Бас жүлдені жеңіп алды.
Студенттерді халықаралық байқауға дайындаған шығармашылық жетекшілері – ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультеті Шығыстану кафедрасының меңгерушісі Гульнара Биримкулова және Қашғар университетінің доценті, Қытай Халық Республикасының жоғары оқу орындары мен Еуразия ұлттық университеті арасындағы академиялық байланысты үйлестіруші Дина Сылам.
Аталған халықаралық байқау ҚХР Білім министрлігі жанындағы Қытайдың үздік дәстүрлі мәдениетін мұраға қалдыру бөлімінің қолдауымен және Қытай поэзиясы қауымдастығы мен Қытай дәстүрлі поэтика қоғамының ұйымдастыруымен өткізілді. Байқаудың негізгі мақсаты – қытай поэзиясының бай мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау, дәстүрлі мәдени құндылықтарды дәріптеу және елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту.
Халықаралық сапар аясында Шанхай университетінің басшылығы және профессорлық-оқытушылық құрамымен академиялық кездесу өтті. Кездесуге Шанхай университеті Әдебиет факультетінің деканы Лю Сюгуан (Liu Xuguang), Халықаралық ынтымақтастық департаментінің өкілдері, ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультеті Шығыстану кафедрасының меңгерушісі Гульнара Биримкулова және Қашғар университетінің доценті, екі ел арасындағы академиялық байланыстарды үйлестіруші Дина Сылам қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындары арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, академиялық тәжірибе алмасу, студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық байланыстарын дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар жоғары білім беру саласындағы өзара әріптестікті нығайтуға және бірлескен академиялық бастамаларды жүзеге асыруға қатысты пікір алмасты.
Бұл кездесу Шығыстану кафедрасының халықаралық байланыстарын кеңейтуге, Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестікті дамытуға және студенттердің халықаралық академиялық ортадағы тәжірибесін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Студенттердің халықаралық байқаудағы жеңісіне орай Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай мен Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Мирас Косыбаев жеңімпаздарды құттықтап, ұстаздар мен кафедра ұжымының алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Халықаралық байқауды ұйымдастыруға және Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Қашғар университетінің доценті Сылам Дина ханымға алғыс білдіреміз. Оның үйлестірушілік қызметі мен кәсіби қолдауы студенттердің халықаралық байқауға қатысуына және университетаралық байланысты нығайтуға ықпал етті.
