
ЕҰУ өкілдері Қазақстандағы корпоративтік басқаруды дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері Астанада өткен «Корпоративтік басқару: реформалардан нәтижелерге – болашаққа көзқарас» атты Corporate Governance Forum-2026 форумына қатысты. ЕҰУ делегациясының құрамында университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы мен мүшелері, Басқарма өкілдері және корпоративтік қызметтердің басшылары болды.
Форум мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, отандық және шетелдік бизнес өкілдерінің, директорлар кеңестерінің төрағалары мен мүшелерінің, тәуелсіз директорлар мен корпоративтік басқару саласындағы сарапшылардың кәсіби пікір алмасу алаңына айналды.
Қатысушылардың басты назары корпоративтік басқарудың заманауи модельдеріне, ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға, стратегиялық жоспарлау тетіктерін жетілдіруге және басқарушылық шешімдердің сапасын жақсартуға аударылды.
Пленарлық сессиялар барысында корпоративтік басқарудың Қазақстанның экономикалық дамуындағы рөлі, мемлекеттің кәсіби меншік иесі ретіндегі функцияларының трансформациясы, директорлар кеңестерінің тиімділігін арттыру және тәуелсіз директорлар институтын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Әкімшілік бақылаудан кәсіби стратегиялық басқаруға көшуге, ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және басқару органдарының қабылданған шешімдер үшін жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылды.
Форумның маңызды оқиғаларының бірі – «Корпоративтік басқаруды өзгерткен 50 кейс» кітабының таныстырылымы болды. Басылымда осы саладағы негізгі өзгерістер мен үрдістерді көрсететін практикалық мысалдар, сараптамалық материалдар және бизнес пен кәсіби қоғамдастық өкілдерімен сұхбаттар жинақталған.
Форум аясында ЕҰУ өкілдерінің еңбегі ерекше бағаланды. Қазақстандағы корпоративтік басқаруды дамытуға қосқан үлесі үшін университеттің тәуелсіз директоры Құдрат Шамиев пен ЕҰУ корпоративтік хатшысы Мадияр Орынбаев Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің алғыс хаттарымен марапатталды.
Еуразия ұлттық университеті үшін мұндай кәсіби іс-шараларға қатысу тәжірибе алмасу тұрғысынан ғана емес, стратегиялық маңызға да ие. Озық тәжірибелерді зерделеу университеттің басқару жүйесін жетілдіруге, институционалдық тұрақтылығын нығайтуға және ұзақ мерзімді дамуына қажетті жағдайларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоғары білім беру жүйесі трансформацияланып жатқан кезеңде университеттің стратегиялық даму басымдықтарын айқындайтын, атқарушы органның қызметін бақылайтын және салмақты басқарушылық шешімдердің қабылдануын қамтамасыз ететін Директорлар кеңесінің рөлі артып келеді.
Университеттегі заманауи корпоративтік басқару белгіленген регламенттер мен рәсімдерді сақтаумен ғана шектелмейді. Ол ең алдымен басқару органдарының тиімді өзара іс-қимылын, үдерістердің ашықтығын, тәуекелдерді уақтылы анықтау мен бағалауды, сондай-ақ қызмет нәтижелері үшін жауапкершілікті білдіреді.
Осыған байланысты ЕҰУ үшін жоғары білім беру саласының ерекшеліктерін ескере отырып, үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу, Директорлар кеңесі мүшелерінің кәсіби құзыреттерін дамыту, оның комитеттерінің жұмыс тиімділігін арттыру және стратегиялық шешімдер қабылдауға қажетті ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіру өзекті бағыттар болып қала береді.
Corporate Governance Forum-2026 форумына қатысу және университет өкілдерінің кәсіби еңбегінің мойындалуы ЕҰУ-дың сарапшылық әлеуетінің маңыздылығын және Қазақстандағы заманауи корпоративтік басқару жүйесін дамытуға белсенді атсалысып отырғанын айқындайды.
