
ЕҰУ ғалымдары тарихи зерттеулерінің нәтижелерін АҚШ-та таныстырды

«Тың игеру және Солтүстік Қазақстанның арнайы контингенті: ауызша нарратив және жаңа архив құжаттары» ғылыми жобаның мүшелері, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Арайлым Мұсағалиева және филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Роза Мұсабекова Ресей немістерінің американдық тарихи қоғамының шақыртуымен Линкольн қаласына (АҚШ, Небраска штаты) барды.
Ассоциация мүшелерімен кездесу кезінде тың игеру кезінде Солтүстік Қазақстан арнайы қоныс аударушыларының тың игеруге қатысуын зерттеу барысында жинақталған ауызша деректерді талдау жүргізілді. Ерекше назар арнайы қоныс аударушылардың еңбек қызметтері, олардың күнделікті өмірінің ерекшеліктері, әлеуметтік-мәдени адаптациясы және аймақтың дамуына қосқан үлесіне аударылды.
Шетелдік әріптестерге ғылыми жобаның аясында шығарылған «Немцы Северного Казахстана» (авторлары: А.Мұсағалиева, Р.Мұсабекова) және «Целина и спецконтингент Северного Казахстана» атты ұжымдық монографиялардың негізгі нәтижелері көрсетілді.
«Немцы Северного Казахстана» монографиясында Солтүстік Қазақстандағы неміс диаспорасының қалыптасуы ХХ ғасырдың басындағы миграциядан бастап 1930-1940 жылдардағы Волга жағасынан және Кеңестер Одағының басқа да аймақтарынан жер аударылулар және арнайы қоныс жағдайындағы өмір туралы зерттеу нәтижелері берілген.
Авторлар ерекше назарды 1920-1930 жылдардағы Солтүстік Қазақстанның неміс түрңындарын ұжымдастыруғ тәркілеу, Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі және соғыс жылдарындағы жер аударылулар мәселелеріне аударды. Соғыстан кейінгі жылдар, немістердің тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысуы монографияның арнайы тарауында талданылды.
Әкімшілік қадағалаудан босатылғаннан кейінгі арнайы қоныс аударушылардың әрі қарайғы өмірі Солтүстік Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне сіңірген үлесі мысалында қарастырылады. Кітапта кеңес кезінде Қазақстаннан АҚШ-қа эмиграцияға кеткен немістердің эмиграциясына арналған арнайы тарау бар. Онда жаңа архивтік құжаттар, сонымен бірге қазақстандық немістердің шетелдерде тұратын туыстарына жазған хаттары қолданылды.
«Целина и спецконтингент Северного Казахстана» монографиясында Солтүстік Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игерудегі арнайы қоныс аударушылардың еңбегін пайдалану зерттелінді. Негізгі назар Лагерлер Бас Басқармасының тұтқындарының аграрлық реформаға, оның ішінде Қарлаг, совхоздар мен астық сақтау қоймалары құрылысы бойынша құрылған Атбасар еңбекпен түзеу лагері, Солтүстік Қазақстандағы жаңа тың игеру совхоздары құрылысындағы ЕТЛ және колониялары басқармасының қатысуына аударылды. Кітапта Қазақстанның неміс тұрғындарының тарихына қатысты «Спецпоселенцы в послевоенные годы», «Спецпоселенцы на казахстанских целине», «Повседневная жизнь немцев на казахстанской целине» атты тараушалар бар.
Іссапар барысында жоба мүшелері «Немцы Казахстана в 1950–1970 гг.: использование спецпоселенцев на казахстанской целине, репрессии против религии, проблемы развития немецкого языка» тақырыбындағы баяндама жасады. Баяндама Ресей немістерінің американдық тарихи қоғамының сайтына қойылды.
Іссапар нәтижесі бойынша болашақтағы бірлескен зерттеулер, архив және ауызша деректер анықталынды, ғылыми жарияланымдар дайындау жоспарланды. Іссапар жоба нәтижелерін халықаралық апробациядан өткізуге, академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге жіне отандық тарихи зерттеулерді танымал етуге мүмкіндік береді.
