
ЖАПОНИЯЛЫҚ ҚОНАҚТАР БІЛІМ ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІ ШЕТЕЛ ТІЛДЕРІНІҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ КАФЕДРАСЫНЫҢ ФИЛИАЛЫНА БАРДЫ

2026 жылғы 18–19 қарашада Астанада «Инновациялар, сапа және жаһандық әріптестік арқылы жоғары білім беруді трансформациялау» тақырыбында Стратегиялық әріптестердің III жыл сайынғы халықаралық форумы өтті. Екі күндік форум аясында елордаға көптеген шетелдік сарапшылар мен халықаралық делегациялар келді.
Форум аясында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Білім жоғары мектебіне (БЖМ) Токио қалалық мемлекеттік университетінің (Жапония) делегациясы арнайы сапармен келді. Делегация құрамында атқарушы директор Dr. Oussouby Sacko, вице-президент және Халықаралық орталықтың директоры Masayoshi Noguchi, сондай-ақ жоспарлау және үйлестіру жөніндегі директор Yoshiko Ota болды.
2026 жылғы 19 қарашада БЖМ директорының академиялық мәселелер жөніндегі орынбасары А.Б. Орманова және ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары К.М. Тайболатов жапониялық қонақтармен бірге Шетел тілдерінің теориясы мен тәжірибесі кафедрасының филиалы болып табылатын Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп-гимназиясына жұмыс сапарымен барды.
Сапардың мақсаты – жапониялық әріптестерді Қазақстанның мектептегі білім беру жүйесімен, оқу үдерісінің ұйымдастырылуымен және оқушыларды жалпы білім беретін мектепте даярлаудың ерекшеліктерімен таныстыру.
Мектеп директоры А.О. Қашаева ЕҰУ делегациясын жылы қарсы алып, қонақтарға мектеп бойынша таныстыру экскурсиясын өткізді. Делегация мүшелері білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасымен, оқу кабинеттерімен және білім беру үдерісін ұйымдастыру жағдайларымен танысты. Сонымен қатар мектептің педагогикалық ұжымына және мұғалімдердің кәсіби қызметіне ерекше назар аударылды.
Сапар барысында жапониялық қонақтар қазақстандық мектептің ерекшеліктерімен, оқу-тәрбие жұмысының ұйымдастырылуымен және оқушылардың жан-жақты дамуына жасалған жағдайлармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
ЕҰУ кафедрасының филиалына жасалған жұмыс сапары Білім жоғары мектебінің шетелдік әріптестермен ынтымақтастығын нығайтуға және білім беру саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.
