
ФТҒИ-де бөлшектер соқтығысын модельдеуге арналған ғылыми семинар өтті

2026 жылғы 21 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физика-техникалық ғылымдар институтында профессор А.Т. Акилбековтың жетекшілігімен ғылыми семинар өтті.
Ғылыми семинарда химия кафедрасының оқытушысы, PhD Бостан Дулат Сейділдаұлы «Аралас кванттық-классикалық теория негізінде модельденген бөлшектер соқтығысы» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама бөлшектердің өзара әрекеттесуін зерттеуде кванттық және классикалық теориялық тәсілдерді біріктіру мәселелеріне арналды. Аталған бағыт бөлшектер соқтығысының физикалық механизмдерін тереңірек түсінуге және күрделі физикалық процестерді теориялық тұрғыдан сипаттауға мүмкіндік береді.
Мұндай ғылыми семинарлар институттың ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға, өзекті ғылыми мәселелерді талқылауға, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар мен білім алушылар арасындағы ғылыми тәжірибе алмасуға ықпал етеді.
Физика-техникалық ғылымдар институты ғылыми ізденістерді қолдауға, пәнаралық зерттеулерді дамытуға және жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
