
Дулат Исабековтің «Қарғын» романын талдау

2026 жылғы 24 қарашада Ғылыми кітапханада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Қарғын» романын талқылауға арналған «Қарғын толқынында» атты әдеби-шығармашылық іс-шара өтті.
Тағылымды шараға Сәулет-құрылыс факультетінің «Графикалық дизайн – 21» тобының 2-курс студенттері қатысты. Іс-шараны Қайрат Медина жүргізді. Іс-шараның мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтуіне факультеттің аға оқытушысы Шолпан Мұхаметқанқызы Түсіпбекова қолдау көрсетіп, студенттердің белсенді қатысуына ықпал етті.
Талдаудың басында қатысушыларға роман жазылған кезеңнің қоғамдық-рухани ахуалы мен Дулат Исабековтің шығармашылық әлемі туралы танымдық мәлімет берілді. Сонымен қатар «Қарғын» романының тақырыбы, идеялық мазмұны, кейіпкерлер жүйесі мен көркемдік ерекшеліктеріне шолу жасалды. Шығармада көтерілген адам болмысы, рухани еркіндік, махаббат, шығармашылық тұлға мен қоғам арасындағы қарым-қатынас мәселелері талқылауға арқау болды.
Бағдарлама «Алғашқы әсер» ойынымен басталды. Қатысушылар романды оқыған кезде алған алғашқы әсерін бір сөзбен немесе бір эмоциямен жеткізіп, шығарманың өздеріне қалдырған әсерімен бөлісті. Бұл тапсырма әр оқырманның туындыны өзінше қабылдайтынын көрсетіп, еркін пікір алмасуға жол ашты.
«Кейіпкерлер суреті» шығармашылық тапсырмасында студенттер үш топқа бөлініп, романдағы бейнелер мен ұғымдарды көркемдік тұрғыдан қағаз бетіне түсірді. Бірінші топ Жасын Мәдиевтің болмысын, шығармашылық тұлғасын және ішкі қайшылығын бейнелесе, екінші топ Бағиланың нәзік жан дүниесін, сезімі мен рухани ізденісін сурет арқылы жеткізді. Үшінші топ «қарғын» ұғымын және Алматы табиғатын өзара сабақтастыра отырып, көркем әрі символикалық композиция ұсынды. Әр топ өз жұмысын таныстырып, бейнелерді таңдаудағы мақсатын, қолданылған түстер мен белгілердің мағынасын түсіндірді. Бұл кезеңде студенттердің суретшілік қабілетімен қатар, әдеби шығарманы терең түсініп, оны визуалды тілмен жеткізе білу шеберлігі де байқалды.
Іс-шараның пікірталас бөлімінде романның негізгі мәселелері жан-жақты талданды. Студенттер Жасын Мәдиев бейнесінің ықтимал прототипі, оның қоғам мен адамға қоятын биік талабы, шығармашылық еркіндігі мен азаматтық ұстанымы туралы ой қозғады. Бағила мен Жасын арасындағы сезімнің болашағы, олардың қарым-қатынасына әсер еткен әлеуметтік және рухани қайшылықтар да қызу пікірталас тудырды. Сондай-ақ қатысушылар Жасын секілді тұлғаның қазіргі қоғамдағы орны қандай болар еді деген сауал төңірегінде ой бөлісіп, кейіпкерлердің әрекеттері мен өмірлік таңдауларына өзіндік баға берді.
«Ең үздік цитата» кезеңінде әр студент шығармадан өзіне ерекше әсер еткен дәйексөзді оқып, оның мағынасын қалай түсінетінін және неліктен таңдағанын әңгімеледі. Таңдалған дәйексөздер арқылы романның философиялық мазмұны, кейіпкерлердің ішкі толғаныстары мен авторлық ой тереңірек ашылды. Бұл кезең студенттердің мәтінмен мұқият жұмыс істеп, көркем сөздің астарлы мағынасын түсіне білетінін көрсетті.
Кездесу соңында іс-шараға белсенді қатысып, шығармашылық ізденісімен ерекшеленген студенттерге алғыс хаттар табысталды. Үздік жұмыстар «Үздік кейіпкер бейнесі», «Үздік әдеби талдау» және «Ең үздік цитата» номинацияларымен марапатталды. Қатысушылар естелік суретке түсіп, әдеби кездесу туралы жылы әсерлерімен бөлісті.
«Қарғын» – махаббат тақырыбымен ғана шектелмейтін, адам болмысының күрделілігін, рухани еркіндікті, тұлғаның қоғамдағы орнын, шығармашылық жауапкершілік пен өмірлік ұстанымды терең зерделейтін шығарма. Романдағы кейіпкерлердің жан дүниесі мен тағдыр талқысы әр оқырманды өзіндік ой түюге жетелейді.
«Қарғын толқынында» әдеби-шығармашылық кездесуі студенттердің көркем әдебиетке қызығушылығын арттырып, шығарманы талдау, пікір білдіру және өз ойын шығармашылық тұрғыдан жеткізу қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берді. Осындай мазмұнды кездесулер жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, ұлттық әдебиетіміздің көркемдік және рухани құндылығын тереңірек тануына ықпал етеді.
